«Қазақша қойылған есімдер— харам ба?»: никаб киген әйелдің мәлімдемесінен кейін желіде дау шықты

Қазақстандық әлеуметтік желі сегментінде тағы бір дау шықты — қолданушылар никабтағы әйелдің сұхбатын талқылауда.

Онда ол кейбір қазақ есімдерінің куфр екенін, яғни ислам қағидаларына қайшы келетінін айтады. Бұл мәлімдеме көптеген қазақстандықтардың ашу-ызасын, алаңдаушылығын және жан жарасын тудырды. Олар бұл сөздерден өздерінің ұлттық болмысына төнген қауіп көрді, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz.

Сұхбат кезінде жүргізуші таңырқап сұрайды:

— «Ойбай, енді қазақ есімдерімен не істейміз сонда?»

Видео лезде Telegram-арналар мен пабликтерде таралып кетті. Адамдар елімізде исламдандыру үдерісінің аясында қазақ мәдениеті шеттетіліп, қазақ есімдері араб есімдеріне ауыстырылып кетуі мүмкін деген уайымдарын білдіруде.

«Енді түсінікті болды, неге қазір балаларға Амина, Зейнап, Хадиша деп ат қойып жатыр. Бұл жай сән емес — бұл ұлттық болмысты алмастыру», — деп жазуда пікір қалдырушылар.

«Адамдар қашан түсінеді екен, ислам — бұл хиджаб, араб есімдері, кәпірлермен күрес емес, адалдық, құрмет, жемқорлық пен зорлық-зомбылықтан бас тарту!» — деп жазып жатыр басқалар.

Көпшілік басқа елдердегі әйелдердің тәжірибесін де еске түсіреді:

«Мен арабқа тұрмысқа шыққаныма 20 жыл болды, күйеуім әрқашан: ең бастысы — жүректегі иман, хиджаб — өз еркің, дейтін. Ал бізде исламды театрға айналдырып жатыр».

Қолданушылар діншілдік ұранымен бөтен мәдениетті күштеп таңу және ұлттық тамырды жою басталуы мүмкін деп қауіптенеді:

«Басында домбыра харам дейді, сосын қазақша сөйлеу куфр болады, ақыр соңында қазақтың бәрін жойып тастайды. Біз Ауғанстан емеспіз ғой!»

Қызығы, тіпті дәстүрлі бағыттағы мұсылмандар да бұл пікірге қарсы шығып, ондай сөздердің діни негізі жоқ екенін айтады:

«Мен сәләфимін, бірақ қазақ есімдері харам дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Бұл — сандырақ. Шынында тыйым салынған есімдер бар, мысалы, Алланың есімдерін «Абдул» жалғауынсыз қолдану. Ал халықтық есімдерге рұқсат етілген».

Осы уақытта пікірталас үдей түсуде, бұл жағдай бір маңызды әрі ауыр сұрақты көтеріп отыр: иман мен ұлттық мәдениетті жоюдың арасындағы шекара қайда өтеді?