Қазақша сөйлеп, әскерде борышын өтеп жүрген араб жігіті кім?
Өскеменде Қасым Қайсенов атындағы әскери бөлімде араб жігіті Абдалла Салих Сами Эль-Том әскери борышын өтеп жүр. Желіде оның әскерде қызмет етіп жүргені түсірілген видео тарады деп хабарлайды Altyn-orda.kz Massaget.kz тілшісіне сілтеме жасай отырып
Бұл видео TikTok-та 1 миллионға жуық қаралым жинаған. Қолданушылар жігіттің қазақша сөйлегеніне тәнті болды.
Massaget.kz тілшісі видеодағы Абдалла Салих Сами Эль-Томмен сұхбаттасты. Ол Өскемендегі Қасым Қайсенов атындағы №27943 әскери бөлімінде қызмет етіп жүр.
Желіде жұлдызға арналған жігіт туралы не белгілі?
«Мен Алматыда дүниеге келдім. Балалық шағымды Судан мен Сауд Арабиясында өткіздім. 2-сыныпқа дейін сонда тұрып, кейін Қазақстанға көшіп келдім. Ұлтым — араб. Метиспін: анам — қазақ, әкем — араб», — дейді ол.
Кейіпкердің жеке архивінен
Әскерде борышын өтеуге кім әсер етті?
Абдалла Салихтің айтуынша, әскерде қызмет етуге әжесі септігін тигізген.
«Әскерге келмей тұрып әжеммен әскер жайлы көп әңгімелесетінбіз. Сол кездері әскер туралы көзқарасым мен ойым көпшілікпен бірдей еді: 90-жылдар, әлімжеттік көрсету, өлім мен ұрып-соғу. Әжеммен әңгімеден кейін әскерге барамын деп шешім қабылдадым. Неге десеңіз, мұнда тәртіп мықты, өзіңді қадағалауың, тәрбиелеуің және физикалық шынығуың керек», — дейді кейіпкер.
Абдалла Салих әскерде зениттік дивизионының қамтамасыз ету взводында наубайшы-жүргізуші мамандығын меңгерген. Қазір осы қызметті атқарып жүр. Оның айтуынша, әскери өмір қызық, бірақ өзінің қиындықтары да бар.
Кейіпкердің жеке архивінен
Желі қолданушыларын тәнті еткені — кейіпкердің қазақ тілінде таза әрі сауатты сөйлегені.
«Не деген сауатты жігіт», «Қазақша таза сөйлегенің үшін рақмет, үлгі болар жігіт», «Қазақ тілінде емін-еркін сөйлеп тұр», «Қазақша сөйлеп тұрғанына риза болып тұрмын», «Жаны қазақ қой», — деп жазған олар.
Кейіпкер қазақ тілін қалай меңгерді?
Абдалла Салих қазақ тілін қашан және қалай меңгергенін айтып берді.
«Қазақ тілін Қазақстанға көшіп келген кезде мектепке түсу үшін үйрендім. Алғашында тіл айырмашылығы мен сөйлеу жағынан қиындықтар болды, әрине. Бірақ жалпы алғанда екі тіл бір-біріне ұқсас болған соң, аз уақытта үйреніп, сөйлеп кеттім», — дейді ол.
Кейіпкер әскерден кейін әкесінің туыстарына Сауд Арабиясына барып келу жоспарда барын айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram