Қазақстан авиациясында серпіліс: 103 жаңа ұшақ пен ондаған жаңа бағыт

Қазақстан алдағы бес жылда әуе тасымалын кеңейтіп, Еуразиядағы ірі авиациялық хабқа айналуды көздеп отыр. Үкіметтің жоспарына сәйкес, онжылдық соңына дейін әуе кемелері паркі 104-тен 207-ге дейін өседі     деп хабарлайды  Altyn-orda.kz.

2025 жылдың алғашқы жартысында ел алты Airbus A320 және бір Boeing 737 MAX 8 ұшағын қабылдады. Жалпы 2030 жылға дейін тағы 103 заманауи лайнер сатып алу жоспарланған. Бұл қадам Қазақстанға жаңа бағыттар ашуға, жолаушылар тасымалын қолжетімді етуге және халықаралық нарықтағы орнын күшейтуге мүмкіндік береді.

Тек биылдың өзінде 36 жаңа халықаралық бағыт ашылып, сегіз шетелдік әуе компаниясы қазақстандық нарыққа кірді. Қазір ел ішінде 61 бағыт бойынша аптасына 850 рейс орындалады. Әлеуметтік маңызы бар аймақтарға тоғыз облыстағы 21 бағыт субсидияланады.

Инфрақұрылым да жаңартылуда:

  • Астана әуежайында жаңа ұшу-қону жолағы мен жолаушылар терминалы салынып жатыр.

  • Алматыда ішкі рейстер терминалы жаңартылып, жүк перроны мен техникалық қызмет көрсету ангарлары бой көтеруде.

  • Шымкентте жаңа ұшу-қону жолағы және мультимодальды хаб салынбақ.

  • Ақтөбеде 15 мың шаршы метрлік заманауи логистикалық орталықтың құрылысы жүріп жатыр.

  • Арқалықта 33 жылдан кейін әуежай қайта іске қосылады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жобалар Қазақстанды халықаралық авиация картасында  үлкен серпіліс болады деп күтілуде .