Қазақстан азаматтығын алған ресейлік спортшы халықаралық жарыста күміс жүлде еншіледі

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Софья Самоделкина Эстонияның Таллин қаласында өткен Челленджер турнирінде күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы Altyn-orda. KAZ.NUR.KZ   ке сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

Софья Самоделкина жарыстың бірінші күнінен кейін үшінші орында тұрған еді. Кейін 17 жастағы спортшы еркін бағдарламаның қорытындысы бойынша бір позицияға көтерілді. Турнирдегі екінші өнерінен кейін мәнерлеп сырғанаушы 119,27 ұпай алды.

Төрешілер бір элементтен басқасын оң бағалады. Самоделкина жалпы 173,25 ұпай жинап, күміс медаль иеленді. Ол тек бельгиялық Нина Пиндзарронеден (192,48) ұтылды.

Үздік үштікті канадалық Сара-Мод Дюпуа (163,58) түйіндеді. Осы жетістігінен соң Самоделкина Instagram-дағы парақшасына жазба жариялап, қолдау білдірген жандарға алғыс айтты. «Қазақстан, мен сені жақсы көремін», — деп қазақ тілінде жазды мәнерлеп сырғанаушы. Айта кетейік, биыл Қазақстан азаматтығын алған Самоделкина ел құрамасы сапындағы алғашқы маусымын өткізіп жатыр. Спортшы бұған дейін Ресей атынан өнер көрсеткен. Сондай-ақ Эстониядағы Челленджерде жасөспірімдер арасындағы жекелей бәсеке басталды.

Қазақстандық спортшы Никита Кривошеев қысқа бағдарламада 60,82 ұпай жинап, швейцариялық Эн Вейлерден (61,66) кейін аралық екінші орынды иеленді.

kaz.nur.kz