Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасының медаль кестесінде үздік ондықта тұр
Қазақстан ұлттық құрамасы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының медаль кестесінде үздік ондықта тұр. Бұл туралы Altyn-orda.kz KAZ.NUR.KZ тілшісіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан қоржынында үш жүлде бар.
Нысана көздеуден Александра Ле мен Ислам Сәтбаев қола жүлде еншілесе, дзюдошы Елдос Сметов алтын медаль, тағы бір татами шебері Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдені қанжығалаған еді.
Әзірге Қазақстан құрамасы медаль кестесінде 1 алтын, 2 қола жүлдемен 8-орында тұр. Көш басында – 4 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп үлгерген Жапония командасы. Екінші орынға Аустралия (4-2-0) жайғасса, үшінші орынға АҚШ (3-6-3) табан тіреген. Париж Олимпиадасының медаль кестесі.
Айта кетейік, Токио-2020 Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 8 қола жүлде иеленіп, жалпы есепте 83-орынға тұрақтаған болатын. Бүгін, 29 шілдеде Париж Олимпиадасында үшінші жарыс күні болады. Қазақстан намысын 16 cпортшы қорғайды.