Қазақстан мен Өзбекстан жаңа Одақ құратын болды
Сыртқы істер министрлігі елең еткізерлік жаңа құжатты ел назарына ұсынды: ол – «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы» деп аталады, — деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Екіжақты келісім жобасына қатысты түсіндірме жазбасында қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы Мұхтар Тілеуберді аталған шартқа қол қоюдағы күтілетін нәтиже – «екіжақты ынтымақтастықты одақтастық қатынастар деңгейіне дейін көтеру» екенін мәлімдеді.
«Шарт жобасының мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іс-қимылын одақтастық қатынастар деңгейінде заңды түрде рәсімдеу. Шарт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саяси, экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және екіжақты өзара іс-қимылды кешенді дамытуға ықпал ететін болады. Шарт жобасы Қазақстанның заңнамасына, еліміз ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан қатысушысы болып табылатын барлық халықаралық ұйымдардың шешімдеріне қайшы келмейді», – деді Сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлы.
Бауырлас қос ел бұған дейін одақтас саналмаған. Өйткені Өзбекстан Еуразиялық одаққа мүше емес. Ол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына да кірмейді. Екі елді тек Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, Түркітілдес елдер ұйымы, АӨСШК біріктіреді. Бірақ бұл ұйымдар өзіне енген мемлекеттердің көшбасшыларын ара-тұра саммитке жинағаны болмаса, барлық қатысушыға орындауға міндетті құжаттарды тұрақты шығармайды.
Қазіргі кезде Қазақстан мен Өзбекстан арасында ірі шарттар арасында екеуі ғана дараланады. Оның біріншісі – 1998 жылғы 31 қазанда бекітілген «ҚР мен ӨР арасындағы Мәңгілік достық туралы шарт». Екіншісі – 2013 жылғы 14 маусымда қол қойылған «ҚР мен ӨР арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарт».
Жалпы, екі елдің одақтас болатыны өткен жылдың соңында айқындала бастады. 2021 жылғы 6 желтоқсанда Тәшкентке сапарлаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен сырт көзден таса, оңаша келіссөздерінен соң, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Одақтастық қатынастар туралы декларацияға қол қойды. Бірақ бұл жай ғана декларация еді.
Енді ол арнайы шарт және заң жобасы ретінде бекітілмек.
Шартта атап өтілгендей, бұл «қазақ-өзбек достығын дамытудың және көпқырлы өзара ынтымақтастықты тереңдетудің жаңа кезеңі» болады.
Қазақ-өзбек Одағы нені көздейді?
Құжат жобасында жазылғандай, шарт екі елдің барлық саладағы, атап айтқанда, саяси, экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылын кешенді дамытатын болады.
Екі ел ғарышты да бірлесіп игеругі күш салады. Бұл бірқатар сарапшылар ұсынып жүргендей, Байқоңыр ғарыш айлағынан болашақта Ресейді ысырып шығаруға мүмкіндік беруге тиіс. Әйтпесе, Байқоңырға санкция астындағы РФ-тың иелік етуі онда халықаралық жобалар мен бастамаларды дамытуға нүкте қойып тұрған жайы бар. Айтқандай, ғарыш айлағына инвестиция салуға арабтар қызығушылық танытты.
Ең бастысы, Қазақстан мен Өзбекстан сыртқы жаудан бірлесіп қорғанатын болады.
Одақтастық туралы осы тарихи шарттың жобасында екі елдің «Қазақстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының егемендігі мен қауіпсіздігіне төнген кез келген сын-тегеуріндер мен қатерлерге бірлесіп күш жұмсайтыны, осы арқылы бүкіл Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бірлескен күш-жігерді бағыттайтыны» бекітілмек.
Бұл ретте өзбектердің армиясы қазақтардан қуаттырақ екенін мойындауға тиіспіз.
Өйткені бір жағынан, оның халқы екі еседей көп, екінші жағынан ҰҚШҰ-ға кіргендіктен, ресейлік қару-жарақты сатып алуға міндеттеме қабылдаған Қазақстанға қарағанда Өзбекстан Батыстың қаһарлы қаруларын иелене алды. 2006 жылы АҚШ Өзбекстандағы Қарши-Ханабад әскери базасын жапқанда, америкалық біраз қаруды сеніп тапсырып кетті деген сөз болды.
Бұған қоса, былтыр Ауғанстанның ресми билігі шетелге қашып, орнына тәліптер келгенде, батыстық коалиция әскері қалдырып кеткен қыруар әскери техниканың көбі бас сауғалай қашқан ауған әскерилерімен бірге Өзбекстанға өткен көрінеді. Америкалық Politico және өзбекстандық «Фергана» ақпарат агенттігі биылғы қыркүйекте жазғандай, АҚШ бұрынғы ауған үкіметтік армиясының Әскери-әуе күштерінің ұшқыштары айдап әкеткен 60-тан астам әскери ұшақ пен тікұшақтарды Өзбекстан мен Тәжікстанға өздерінде қалдыруға рұқсат етуге ниетті. Қазіргі уақытта бұл туралы келіссөздер жалғасып жатқан көрінеді. Пентагонның дерегінше, айдап әкетілген, яғни ауғандық сардарлар өз отбасыларын тасуға пайдаланған америкалық авиатехниканың Өзбекстан қолында 46 бірлігі, ал Тәжікстанда – 18 бірлігі қалып тұр.
Global Firepower Index жаһандық рейтингінде Өзбекстан посткеңестік елдер арасында Ресей (2), Украина (22) және Беларусьтен (52) кейінгі 4-ші, ал әлем бойынша 54-ші орында тұр. Салыстырсақ, дәл осы жаһандық рейтингте Қазақстан 2022 жылы 64-ші орынды місе тұтты. Өзбекстан Орталық Азияда әскери қуат жөнінен – №1-ші.
Global Firepower дерегінше, Өзбекстан жауынгерлерінің жалпы саны 65 мың (Дүниежүзілік банктің дерегінше 68 мың). Яғни, бұл жөнінен дүниежүзінде 45-ші орында жайғасты.
Өзбекстанның соғысқа аттандыра алатын мобилизациялық резерві ғаламат – 13,47 миллион адам екен.
Өзбекстанның әскери-әуе техникасы 200 әскери ұшақ пен тікұшақтан (әлемде 45-ші орында) тұрады. Оның 59-ы – жойғыш ұшақтар. 96-сы – тікұшақтар (әлемде 19-орында).
Салыстырсақ, Қазақстан армиясында жалпы саны 237 әуе көлігі бар, оның қаншасы әскери тікұшақтар мен ұрыс ұшақтары екені нақты белгісіз. Өзбек әскері МиГ-29 истребительдерімен немесе Су-25 шабуылдаушыларымен шектелмей, Airbus C-295W CASA, Airbus H-125, Airbus H-215 сияқты батыстық авиатехникамен де қаруланған.
Өзбекстанның құрлық әскерлері 420 танкпен (34-ші орында), 1 215 бронды техникамен (54-ші орында), 137 өздігінен қозғалатын артиллериялық қондырғылармен (29), 60 ауыр артиллериямен (74) және 98 зымыран кешенімен (37) жарақтанған.
Өзбекстан мен Қазақстан бірлесіп, әскери техника өндірісін де дамыта алады: екі елде де заманауи қару-жарақ, оқ-дәрі, әскери техника шығаруға қажетті база бар. Оның үстіне бұл істе Түркия көмекке келуде. Мысалы, таяуда Түркия төл ПВО-сын жасап шығып, сынақтан өткізуде. Яғни, түркітілдес Орталық Азия өз аспанын жау зымырандарын өз бетінше жабуға дайын болатын күн алыс еместей.
Жалпы, сыртқы басқыншылардан бірлесе қорғануды меңзейтін маңызды сөздер Одақ құру туралы осы шарттың өне-бойына арқау болып өрілген. Мысалы, оның тағы бір тұсында: «одақтастық қатынастарды шарттық-құқықтық бекіту Қазақстан мен Өзбекстанның Тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын және орнықты экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға жәрдемдеседі», – деп қадап айтылған.
Жаңа Одақтың ұлтүстілік органы да болады деп күтілуде: одақ аясында екі ел Жоғары мемлекетаралық кеңес құрады. Оны қос мемлекеттің Мемлекет басшылары басқарады. Орган қазақ-өзбек одақтастық қатынастарын дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды және тараптардың ортақ мүдделеріне байланысты мейлінше маңызды мәселелерді қарайды.
Осыған байланысты Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесі туралы ереже әзірленді. Ол аталған шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
Ең жоғарғы органнан төменде екі мемлекеттің Қауіпсіздік хатшылары кеңесі мен Сыртқы істер министрлері кеңесі құрылмақ. Бұл құрылымдар үшін тұрақты кездесулер тетігі іске қосылады деп ұсынылған.
«Тараптар екі мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайтады», – делінген осы құрылымдарға арналған бапта.
Бұдан бөлек одақ аясында қос мемлекеттің парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасында тығыз ынтымақтастық орнатылмақ.
Одақтастардың өзара тауар айналымын арттыруға, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, транзит және логистика салаларында өзара тиімді әріптестікті дамытуға Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия, сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумдары қызмет етеді.
Жалпы, екі ел халықтарының алыс-беріс, барыс-келісін арттыру бағытында жаңа шаралар қабылданады. Мысалы, өзбек тарапының дерегінше, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қазіргі және жаңа бағыттар бойынша әуе рейстерінің саны көбейтіледі, бұдан өзге Қазақстаннан жаңа бағыт ретінде Ферғана, Бұхара, Қарши қалаларын қосу пысықталуда.