Қазақстан ормандарды қорғауға жаңа өрт сөндіру техникасымен жабдықтайды

2023 жылдан бастап Қазақстан ормандар мен табиғи аумақтарды қорғау үшін өртке қарсы техниканы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда. Жоба аясында 2025 жылы 354 өрт сөндіру көлігін, 349 көпфункционалды кешенді және 322 отандық өндірістегі тракторды қоса алғанда, мыңнан астам техника жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Бүгінгі таңда 136 орман өртін сөндіру кешені және 60 трактор пайдалануға берілді. Техниканың бір бөлігі Қарқаралы ұлттық паркіне және Наурызым қорығына жеткізілді.

Қалған ерекше қорғалатын аумақтар жыл соңына дейін техникамен қамтамасыз етіледі.

Жаңа техника құтқарушылардың практикалық тәжірибесі ескеріліп жасалған. Ол үш тоннаға дейін су тасымалдауға қабілетті, өзін-өзі сөндіру жүйесімен жабдықталған және қозғалыс үстінде де, күрделі жер бедерінде де жұмыс істей алады.

Бағдарлама соңғы жылдардағы жойқын орман өрттеріне жауап ретінде қабылданды. Мобильді әрі көп функциялы машиналарға басымдық беру — табиғи қауіптерді басқаруда жаңа стратегияның белгісі. Енді басты назар тек салдарға емес, алдын алуға аударылмақ.