Қазақстан орыс тілін насихаттауға жылына 43 миллион теңге жұмсамақ

Мәжіліс депутаттары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы» шартты қабылдау туралы мәселені қарастырып, оның ратификациялап сенатқа жолдады. Бұл туралы   Altyn-orda.kz           Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып  хабарлайды.

Отырыс кезінде мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан аталған шарт Бішкекте 2023 жылғы 13 қазанда жасалғанын айтты.

«Ол халықаралық құқық субъектісіне ие үкіметаралық ұйымға айналатын «Орыс тілі бойынша халықаралық ұйым» құруды көздейді. Орыс тілі ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдерімен қатар БҰҰ ресми тілі мәртебесіне ие екенін атап өткім келеді» , – деді Айгүл Құспан.

Депутат бұл шарттың мақсаты – ұйымға мүше елдер арасындағы достықты, татулықтың, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту екенін атап өтті.

Мәжіліс отырысынан кейін журналистер алдына шыққан ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сенат қабылдап, президент қол қойғаннан кейін ұйым құрылатынын айтып берді. Оның айтуынша, онда министрліктер ұйымның жұмысы қалай жүретінін және хатшылыққа кімдердің енетінін келіседі.

Министр ұйымды құруға ел бюджетінен 43 миллион теңге құятынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру бастамасы үшін алғысын білдірді. Путин бұл бастаманың маңыздылығы мен пайдалы екенін атап өтіп, орыс тілінің ТМД елдерінде ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін жоғары бағалады. 2023 жылдың қазан айында Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан осы ұйымды құру туралы шартқа қол қойған болатын. Қазір келісім Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан тарапынан ратификацияланды.