Қазақстанда 2029 жылға дейін қанша жылу және су электр станциясы салынатыны айтылды

Үкімет Қазақстанның инфрақұрылымын дамытудың 2029 жылға дейінгі жоспарын ұсынды. Ол энергетикалық инфрақұрылым, көлік инфрақұрылымы, сумен жабдықтау және канализация инфрақұрылымы және цифрлық инфрақұрылым бағыттары бойынша 204 жобаны қамтиды. Оның ішінде 2024 жыл Қазақстанның энергетика саласын дамытудағы маңызды кезеңі болды. Бұл туралы      Altyn-orda.kz         Stan.kz ақпарат агенттігіне сідтеме жасай отырып  хабарлайды.

Биыл еліміздің жылу энергетикасына, жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) және электр энергетикасына айтарлықтай әсер еткен бірнеше маңызды келісім мен заңдарға қол қойылды.

Энергетика министрлігінің «Жылу-электр энергетикасын дамыту»  бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 2024 жылы республикалық бюджеттен 14 жобаны іске асыруға  52,7 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 6 жоба жылумен қамтуға, 8 жоба электрмен жабдықтауға қатысты. Қазіргі уақытта осы жобалардың екеуі пайдалануға берілді. Олар «Ақжайық» ЕТЖК және Орал қаласының ГТС-54 аудандарындағы 110/10 кВ қосалқы станциялары. 

“Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту үшін еліміз қайтарымды инвестициялардың жылдық лимитін 32 миллиард теңгеден 428 миллиард теңгеге дейін ұлғайтты. Бұл жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар үшін негізгі жабдықтарды жаңғырту, реконструкциялау және кеңейту жөніндегі жобалар пулын кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта Инвестициялық келісімдер шеңберінде жалпы қуаты 2,48 ГВт болатын 19 келісім қолданысқа енгізілді. Оның ішінде қайтарымды инвестициялар лимиті ұлғайғаннан кейін 13 келісім (жиынтық қуаты 1,4 ГВт) жасалды”, – делінген хабарламада. 

Фото: primeminister

Үкімет мәліметінше, 2024 жылы жүйелік оператор ірі энергетикалық нысандарда бірқатар күрделі жөндеу жұмысын жоспарлады.

“Жөндеу бағдарламасы аясында электр стансаларында 10 энергия блокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Қазіргі уақытта 9 энергия блокта, 53 қазандықта және 39 турбинада жұмыс аяқталды. 1 энергия блогында, 2 қазандықта және 6 турбинада жұмыс аяқталуға жақын”, – делінген хабарламада. 

2024 жылы 8 шілдеде  президент жылумен жабдықтау саласында жинақталған мәселелерді шешуге бағытталған «Жылу энергетикасы туралы» Заңға қол қойды. Заң жылу жүйесі мен жылу энергетикасы объектілері жұмысының тиімділігін арттыруға, халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға бағытталған.

Сондай-ақ биыл 7 наурызда ел үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасында 1 ГВт жел электр станциясының жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл жоба Жетісу облысында іске асырылады, инвестор халықаралық компания – Acwa Power.

2024 жылыы 12 қарашада ел үкімеі мен «Qazaq Wind Power» ЖШС арасында Жамбыл облысында жел электр станциясының жобасын іске асыру туралы тағы бір маңызды келісімге қол қойылды. Жобаның негізгі инвесторы – Masdar компаниясы. Ал Жел электр станциясының қуаты 1 ГВт болады.

Сондай-ақ қараша айында Қазақстан билігі мен Қытай үкіметі арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірқатар жобаларды іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Келісім шеңберінде жалпы қуаты 1,8 ГВт жел және күн электр станцияларын салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар еліміз Катармен бірлескен жобаларды белсенді дамытып жатыр. 20 наурызда Қызылорда облысында қуаты 1,1 ГВт бу-газ қондырғысы мен Абай облысында қуаты шамамен 350 МВт су электр станциясының құрылысын қосқанда, бірлескен жобаларды іске асыру туралы Катар мемлекетімен үкіметаралық келісімге қол қойылды.

17 сәуірде Ресеймен тағы бір Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Ол Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жиынтық қуаты шамамен 1 ГВт болатын үш жылу электр орталығын салу жөніндегі жобаларды іске асыруды көздейді. Бұл ЖЭО еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін жақсартып, Қазақстанның түрлі өңірлерінде сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

Жұмаділлә Нұрила