Қазақстанда 300-ден астам босқын баспана алды

Қазақстан аумағында 301 босқын мен 265 баспана іздеуші адам тұрып жатыр.

Бұл туралы Altyn-orda.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сілтеме жасап хабарлайды.

Ресми босқын мәртебесін алған барлық шетел азаматтары мемлекеттің қорғауында болады. Қазақстан 1951 жылғы БҰҰ-ның Босқындар мәртебесі туралы Конвенциясының қатысушысы ретінде бұл санаттағы адамдарға қатысты халықаралық нормалардың сақталуын қамтамасыз етеді. Ел бұл Конвенцияға 1998 жылдың 15 желтоқсанында қосылған.

Босқындар Қазақстан Республикасының «Босқындар туралы» ұлттық заңында бекітілген бірқатар құқықтар мен кепілдіктерге ие. Құжаттың негізгі қағидаттарына мыналар жатады:

  • мәжбүрлі түрде елден шығаруға тыйым салу;

  • мәртебе алу рәсіміне қолжетімділік;

  • кемсітушілікке жол бермеу;

  • құпиялықты қамтамасыз ету;

  • отбасыны біріктіру құқығы;

  • балалар құқықтарын ерекше қорғау.

Босқындар мен баспана іздеушілердің ең көп саны Алматы қаласы мен Алматы облысында шоғырланған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстандағы босқындар мынадай құқықтарға ие:

  • ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) аясында тегін медициналық көмекке;

  • атаулы әлеуметтік көмекке;

  • еңбек ету және кәсіпкерлікпен айналысу құқығына — әкімдіктерден қосымша рұқсат алусыз;

  • мектепке дейінгіден бастап жоғары білімге дейін білім алуға.

Сондай-ақ босқындар Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға немесе азаматтық алуға өтініш бере алады. Бұл ретте шыққан елінен соттылығының жоқтығы туралы анықтама талап етілмейді.