Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру талқылануда

Қазақстанда ең төменгі жалақыны 200 мың теңгеге дейін көтеру жөніндегі петиция қоғамда қызу талқылануда.
GosRating.com сайтында азамат Диас Абайұлы бастаған бұл бастаманы 300-ге жуық адам қолдаған деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
Қазір ең төменгі жалақы – 85 мың теңге (шамамен 160 доллар). Салыстыру үшін: Түрікменстанда – 200 мың, Балтық елдерінде – 500-600 мың, Эквадорда – 270 мың теңгеге жуық.
Абайұлының айтуынша, қазіргі еңбекақы отбасының негізгі қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз, әсіресе ірі қалаларда.
Ресми билік әзірге ең төменгі жалақыны қайта қарау жоспары жоқ екенін мәлімдеді. Вице-премьер Серік Жұманғарин бұл мәселе күн тәртібінде тұрмағанын айтты.
