Қазақстанда қытай автокөліктерін өндіретін зауыт ашылады

2025 жылы қытайлық Chery, Haval, Changan автомобильдерін Алматыда құрастыруға арналған жаңа өндірістің тұсауы кесіледі. Ал 2026 жылы Hyundai зауытын жаңғырту аяқталады. Stan.kz тілшісі Қазақстандағы автомобиль өндірісіндегі өзгерістер туралы білу үшін Алматыдағы индустриалды аймаққа барып қайтты.

Қазір құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқан Astana Motors Manufacturing Kazakhstan жаңа зауыты екі жылдан кейін іске қосылып, қытайлық Chery, Haval және Changan автокөліктерін 100% дәнекерлеу және бояумен айналысып, жылына 90 мың автокөлік шығаратын болады. Өндіріс іске қосылғанда 2 600 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

300 мың шаршы метр аумақтағы құрылыс 2022 жылдың қараша айында басталды. Өндірістік цехтардың ауданы 150 мың шаршы метрден асады. Үлкен цехті кішкене аумаққа сиғызу үшін цех екі қабатты болып салынады. Бұл цехта үш бірдей бренд шығарылатындықтан, оның аумағыда үлкен. Жоба құны 115 миллиард теңге.

Astana Group төрағасы Нұрлан Смағұловтың айтуынша, қытайлық автокөлік өндірушілерін бір үстел басына жинап, оларды зауыт аумағынан шығару үшін көп жұмыс істелген. Бірнеше брендтің бір аумақтан шығуы осы кезге дейін ешбір елде болмаған жаңалық екенін айтады.

«Зауытта үш брендтің өзіндік жартылай автоматтандырылған дәнекерлеу цехы болады. Яғни үш цех, бұл бізге көбірек жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бірақ бояу цехы барлық брендтер үшін бір, сондықтан жоғары өнімділік үшін бояу желісі 100% автоматтандырылады. Зауыттың қуатына келсек, әр 2,5 минут сайын ковейерден жаңа көлік шығатын болады. Барлық жабдықтар Chery, Haval, Changan брендтерімен бірлесіп жобаланып, олардың техникалық стандарттарына сәйкес келеді», — деді Нұрлан Смағұлов.

Алматының индустриалды аумағында орналасқан мультибрендт зауыттың құрылысын 2024 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарлануда. 2025 жылдың I тоқсанында автомобильдердің пилоттық өндірісі басталады.

Ал 2020  жылдың қазан айында ашылған Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 1 200 адамды жұмыспен қамтып отыр. 2021 жылы зауыт 26 мың автомобиль шығарса 2022 жылы — 37 205 жеңіл автокөлік, оның 82% отандық нарықта сатылса, қалған көлемін ТМД елдеріне экспортқа кетті. 2023 жылдың алғашқы алты айында зауыт өзі үшін рекордтық 24 509 автомобиль шығарды және жылына 50 мың автомобиль шығару деңгейіне жеткен.

Нұрлан Смағұловтың айтуынша, аталмыш зауытта 2026 жылы жеңіл автомобильдерді дәнекерлеу және бояу жұмыстарын 100% жасай алатын болады. Hyundai Trans Kazakhstan зауыты мен Аstana Моtors Manufacturing Kazakhstan жаңа мультибренд зауытының жиынтық өндірістік қуаты компанияға жаңа бөлшектерді штамптауды дамытуға жол ашады.

«Hyundai Trans Kazakhstan зауыты үш жыл ішінде қарқынды жұмыс істеп, қазір жылына 50 мың автомобиль шығару қуатына жетті. Қазір біз екі түрлі модель шығарамыз – Hyundai-ның Accent және Tucson модельдері. Бірақ бұл үлкен жұмыстың басы ғана деп нық айта аламын. Біз жыл сайын дәнекерлеу және бояу жаңарту арқылы өндіріс қуатын арттырамыз. 2024 жылы дәнекерлеу және бояу әдістері 25%, 2025 жылы – 50%, 2026 жылы кәсіпорын 100% жаңарып, өндіріс көлемі арта түседі», дейді Нұрлан Смағұлов.

Қазіргі таңда автокөлік өндіру қуатын арттыру және модельдердің кейбір бөлшектерін елімізде шығару үшін өндірістік алаңдарды кеңейту және цехтарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Өндірісті жаңғырту екі кезеңде жүргізілетін болады: 2023 жылдан бастап 2024 жылдың ортасына дейін – дәнекерлеу және бояу цехтарын жаңғырту және автоматтандыру, жаңа үлгідегі шағын түйінді өндірісті игеру. 2025 жылдан бастап 2026 жылдың ортасына дейін Hyundai Trans Kazakhstan зауытын кеңейту, жаңа бояу желісін салу және жаңа дәнекерлеу цехын іске қосу.

Бұл екі зауыттан бөлек, Алматы қаласының индустриалды аумағында автомобильдің кейбір бөлшектерін шығару зауыттары іске қосылады. Олардың бастамасы ретінде автомобиль орындықтарын өндіруші Youngsan Glonet Corp. Ltd. (Корея), автомобиль мультимедиа жүйесін өндіруші Motrex Co Ltd. (Корея) компанияларының зауыттарын ашылатын болады. Бұл өз кезегінде шетелден келетін автомобиль бөлшектерін азайтып, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге және автомобиль өндірісіне кететін қаржыны азайтуға алып келеді. Өндірісті 2024 жылдың басында іске қосу жоспарланып отыр. Онда шамамен 90 адам жұмыс істейді. Елде бұл саланы білетін мамандар болмағандықтан, Оңтүстік Кореядан мамандар шақырылып, жұмысқа тұруға қызығушылығы бар адамдар арнайы курстан өтеді.

Қорыта келгенде Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты мен Hyundai Trans Kazakhstan зауытында шығарылатын автомобиль саны 140 мыңға жетеді. Бұл автокөліктің бір бөлігі Қазақстанда сатылса, енді бір бөлігі алыс-жақын шетел нарығына жіберілетін болады.