Қазақстанда Ресейдің қанша әскері бар?
Бүгін Қазақстан қорғанысына жауапты кіші министр Шайх-Хасан Жазықбаев: «Қазақстандағы Ресей әскерінің саны 900-ді құрайды», — депті. Онан соң, кіші министр Сары-Шаған полигоны туралы сөз етіпті.
Ресей пайдаланып отырған полигондар туралы біз де ақпарат бөлісейік. Қазақстанда Ресейдің қанша әскері бар деген сұраққа министрлік өкілі жауап беріпті, ресми. Ал Байқоңырдан басқа, Ресей Қазақстанда қандай стратегиялық нысандарды пайдаланады?
КСРО ыдырағаннан кейiн мемлекеттiң көптеген маңызды стратегиялық объектiлерi бұрынғы Кеңестiк республикалардың аумағына өтсе, Назарбаев билігі Қазақстандағы маңызды стратегиялық объектiлердi Ресей қолына бере салды. Осылайша, Ресей үшін Қазақстан қорғаныс қабілеті мәселелерінде өте маңызды ел болып шыға келді. Өйткені еліміздің аумағында Ресей иелік ететін (жалға алып отырған) ең ірі 6 стратегиялық нысан бар.
Олар:
- 929-шы мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы
- Қазақстанның батысындағы сынақ станциясы мен өлшеу пункттері
- Қостанай қаласындағы әуеайлақ
- Балқаш-9
- Сары-Шаған полигоны
- Байқоңыр
! «Ембі» полигоны Қазақстанға 2017 жылдан кейін қайтарылды.
Көріп отырғанымыздай, бұл нысандардың барлығы Ресей үшін өте маңызды, өйткені олар әскери-ғарыш күштерінің қажеттіліктері үшін, қару-жарақты сынау үшін және әуе шабуылына қарсы қорғанысты ұйымдастыру үшін қажет. Бұл нысандар Ресейдің әскери-ғарыш саласы үшінде өте маңызды. Сондықтан «Қанды Қаңтардағы» наразылықтар мен тәртіпсіздіктер кезінде ҰҚШҰ күштері көптеген маңызды экономикалық және стратегиялық құрылыстарды қорғауды қамтамасыз ету үшін Қазақстанға тез арада жіберілгені кей жағдайда назардан тыс қалып жатады.
Abai.kz