Қазақстандық құтқарушылар қырғызстандық жүргізушіні құтқарып қалды

Қазақстан ТЖМ қызметкерлері көлігі батпаққа батып қалған Қырғызстан азаматына көмек көрсетті, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 27 сәуірде Қостанай облысы Фёдоров ауданының Лесное ауылы маңында орын алған.
Қырғызстаннан келген жүргізуші өз фурасын балшықтан шығара алмай, 112 қызметі арқылы көмек сұраған.
«Оқиға орнына жедел түрде құтқарушылардың кезекші ауысымы жетті. ТЖМ қызметкерлері батпақта қалған жүк көлігін арнайы батпаққа арналған шынжыр табанды трактор көмегімен шығарып алды», — делінген ресми хабарламада.
Шетелдік азамат құтқарушыларға жедел әрі кәсіби көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде құтқарушылар электр бағанасына шығып кеткен мысықты құтқарған болатын.
Үш бөлімді баспалдақтың көмегімен жануар аман-есен түсіріліп, иелеріне қайтарылды. Мысық зардап шеккен жоқ.
