Қазақстандық оқушы шаруашылықтағы суды үнемдейтін робот жасады

Абай облысының он бес жастағы оқушысы күн энергиясымен жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы роботының жобасын жасады. Құрылғы топырақтың ылғал деңгейін анықтап, автоматты түрде суару жүйесін іске қосады. Идея суды тиімді пайдалану және аграрлық еңбекті жеңілдету мақсатынан туындаған, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
Тоғызыншы сынып оқушысы Ералы Қыстаубай құрастырған робот насоспен, сенсорлармен, қозғалтқышпен және бағдарламаланатын контроллермен жабдықталған. Ол қазірдің өзінде жылыжай жағдайында сыналып, бақшада және егістік алқаптарында жұмыс істей алады. Бұл су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Оқушы сызбаларды, 3D-модельді, алгоритмді және бағдарламалық қамтамасыз етуді өз бетімен жасаған. Жоба информатика пәнінің мұғалімінің қолдауымен және өнертапқыштың жеке ынтасымен — табиғатты қорғау мен ауыл шаруашылығын жаңғыртуға технологияларды қолдану мақсаты арқасында жүзеге асты.
Келесі қадам — басқару жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу. Болашақта жоба авторы өз шешімін қазақстандық фермерлерге ұсынуды жоспарлап отыр.
