Қазақстандық оқушылар робототехникадан әлем чемпионы атанды

Қазақстанның робототехника бойынша ұлттық құрамасы Панама-Ситиде өткен FIRST Global Challenge 2025 дүниежүзілік олимпиадасында төртінші рет қатарынан жеңіске жетті. NIS Алматы-Медеу мектебінің оқушыларынан құралған команда 190 елден келген қатысушыларды артта қалдырып, абсолютті чемпион атанды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Қазақ жастары турнирдің екі басты марапатына ие болды: Grand Challenge Award — жарыстың негізгі трофейі және Albert Einstein Award — инженерлік шешімдер, инновациялар мен командалық жұмыс үшін берілетін сыйлық.

Құрама құрамында 9–10 сынып оқушылары Рашат Досымжан, Дәулет Ілияс, Әлихан Орынбасаров, Мадиар Әсетұлы және Нұрасыл Тұрсымбаев бар. Оларды жаттықтырушылар Дулат Байтуленов, Нурдаулет Досмағамбет және Асылбек Мырзахметов дайындады.

Панамадағы жеңіс Қазақстанның олимпиадалардағы табысты сериясын жалғастырды — Женева (2022), Сингапур (2023) және Грекия (2024) жеңістерінен кейін бұл ел тарихтағы FGC төрт дүркін чемпионы атанды.

Биылғы жарыстың тақырыбы — «Eco-Equilibrium», яғни биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық тепе-теңдік. Қазақстандық робот дәлдік пен тиімділіктің рекордтық деңгейін көрсетіп, елдің әлемдік STEM сахнасындағы технологиялық әлеуетінің өсіп келе жатқанын дәлелдеді.

Altyn-orda.kz