Қазақстандық Ресейге жұмысқа кеткен інісінің Украинадағы соғысқа күштеп жіберілгенін айтып, көмек сұрады

Қазақстандық Ресейге жұмысқа кеткен інісін күштеп Украинаға соғысқа жіберіп жатқанын айтып, биліктен көмек сұрады. Айтуынша жақында әскерден оралған 19 жастағы қазақстандық Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге кеткен. Алайда бірнеше күннен кейін ол әпкесіне Украинадағы Луганск маңында екенін айтып, құтқаруын сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сымбат Еркінбек есімді қазақстандық оқиғаны желіде жариялап, көмек сұрады. Айтуынша, 20 жасқа енді толатын інісі жақында Ұлттық Ұланда борышын өтеп әскерден оралған. Кейін жұмыс іздеп, Ресейде күзетші болу туралы ақпаратқа сеніп, сол жаққа кеткен.
“Қолым байлаулы болып отыр. Інім бүгін хабарласып қазір Украинадағы Луганск маңында екенін айтты. “2-3 күнде алып кетпесеңіздер соғысқа аттандыру басталып кетті” деп көмек сұрап, шырылдап жазып жатыр. Тек менің інім емес, жанындағы 10 шақты өрімдей қаза жап-жас балалары көздері жәудіреп көмек күтіп отыр. “Күзетші болып істейсіңдер” деп Ресейге алдап апарып, алдап қол қойғызып, қорқытып соғысқа жіберген. Бұл тек менің інім ғана емес, Қазақстаннан қаншама жігіттер солай алданып кетіп жатыр дейді. Бұлардан кейін әскерде бірге болған 5-6 жігітті көріпті. Олар да алданып келген”, – деп жазды ол.
Сымбат інісі Айнабектің мәселесін шешу үшін үкіметтің араласуын сұрады.
“Күні кеше Ақтауда 14 боздағымыздан айрылдық деп күллі ел қара жамалдық. Ал тура солармен жасты жігіттерді Ресей-Украина соғысына алдап, қорқытып апарып, отқа тастап жатыр. Қазақтың балаларын алдап, жұмыс істеуге Ресейге апарып, қинап қол қойдырып, Украинаға соғысқа жіберіп жатыр. Соғысқа кеткен бала аман қайта ма? Сонда талай ана жылап, талай бала жат жерде соғысқа қатысып өліп кете бере ма? Барлық құзырлы органдарға хабарласып, хат жазып, шешуге тырысып жатырмыз. Бірақ мемлекеттің өзі кіріспесе бұл іс шешілмейтін сияқты. Сол мемлекеттік деңгейге жеткізуге, резонанс тудыруға маған журналистердің, қоғам белсенділерінің, блогерлердің, барша қазақ халқының көмегі керек. Баршаңыздан осы іс бойынша ақпараттық көмек сұраймын”,- деді әпкесі.
Редакциямыз осы мәселе бойынша Сыртқы істер министрлігінен пікір сұрады. Ведомство жағдайдың қаралып жатқанын мәлімдеді.
“Бұл мәселе бойынша Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданды. Ресей тарапымен тиісті жұмыс жалғасуда. Жұмысымыздың нәтижелері бойынша қосымша хабарлаймыз”, – деді министрлік.
Кейін Айнабектің әпкесі депутат Мұрат Әбеновтың осы іс бойынша қолдау көрсетіп жатқанын жеткізді.










