Қазақстандық Санат Асуат «Әзербайжан дауысы» шоуының финалистер үштігіне енді

Қазақстаннан шыққан 20 жастағы Санат Асуат «Әзербайжан дауысы» вокалдық тележобасының финалисі атанып, көрермендер дауыс беруінің қорытындысы бойынша үшінші орынды иеленді. Ол 2011 жылғы Евровидение жеңімпазы Эльдар Гасымовтың командасында өнер көрсетті, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Финалдағы әсерлі өнер

Қазақстандық қатысушының финалдағы өнері кештің ең әсерлі сәттерінің бірі болды. Санат әзербайжан тілінде «Səndən Nigaranam» әнін орындап, көрермендердің 20% дауысын алды.

Финалға жеткен жалғыз шетелдік

Санат Асуат — жоба финалына жеткен жалғыз шетелдік қатысушы. Шоу барысында ол әлемдік хиттермен қатар, қазақ тілінде де әндер орындады. Тіпті ширек финалда ол жүрек тебірентерлік «Ізін көрем» әнін шырқап шықты.

Ұстазының пікірлері

Санаттың тәлімгері Эльдар Гасымов шәкіртін мақтан тұтатынын жеткізді:

«Мен Санатты мақтан тұтамын. Ол үш мүлде әртүрлі қойылым ұсынды, ал финалдық әні — меніңше, ең көркемі болды. Әзербайжан тілінде ән салып, оны сондай сезіммен жеткізу — бұл үлкен ерлік. Санат өзінің мәдениетінің бір бөлшегін залға жеткізе білді, бұл көрермендердің жүрегінен орын алды», — деді ол.

Сондай-ақ, ол қазақстандық көрермендерге қолдауы үшін алғысын білдірді:

«Санатқа тек Әзербайжанда ғана емес, бүкіл Қазақстан дауыс берді. Залда дипломаттар, елшілік өкілдері, Қазақстаннан келген көрермендер болды. ».

Финалдағы орындар мынадай болып бөлінді:

Жамиля Гашимова (Ройя Айхан командасы) — 45% дауыс, маусым жеңімпазы.

Ильгар Бекиров (Зульфия Ханбабаева командасы) — 22% дауыс.

Санат Асуат (Эльдар Гасымов командасы) — 20% дауыс.

Фуад Мехдиев (Мурад Ариф командасы) — 13% дауыс.

Санат Асуат кім?

Санат — Атыраудан шыққан әнші, бала кезінен музыкамен айналысып келеді, қазақтың ұлттық жетіген аспабын меңгерген. Қазір ол Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының эстрадалық вокал кафедрасында 3-курста оқиды. Оның ұстазы — Қазақстанның халық артисі Нагима Есқалиева.

Көрермендердің пікірі

Әлеуметтік желілерде қазақстандық әншінің өнеріне жылы лебіздер айтылды:

«Сен — бүкіл түркі әлемінің мақтанышысың, Санат. Шуағыңды сөндірме!»

«Біздің жүрегімізде сен — нағыз жеңімпазсың!»

«Сен — нағыз өнерсің. Эмоция үшін рахмет!»