Қазақтың 50-ден астам күйін жатқа білетін ұлыбританиялық әйел домбыраны қалай үйренді
Сабина Мастерс Атырауға жұбайының жұмыс бабымен 4 жыл бұрын көшіп келген. Қазақтың өнері мен мәдениетіне қызыққан әйел домбыра үйреніп, бүгінде 50 күйді жатқа біледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
57-жастағы Сабина Мастерстың ұлты неміс, Ұлыбритания азаматшасы 4 жыл бұрын жолдасы Атыраудағы мұнай компанияларының бірінен шақырту алып осында уақытша қоныс аударған. Бірде Дина Нұрпейісова атындағы Атырау академиялық халық аспаптар оркестрінің кезекті концертіне барып, сол жерде домбырашылардың өнеріне тәнті болғанын айтады.
Шарадан шабыт алып, қазақтың аспабын үйренемін деп өзіне мақсат қояды.
Алғашында ұстаз таба алмай біраз қиналғанын да сөз етті. «Домбырада ойнап көрмеген, онымен қоса өзге ұлты өкілін екінің бірі оқытуға келіспейтіні түсінікті. Біраз адам менің ұсынысымды қабыл алмады.
Тек Атыраудағы домбыра үйірмесінің мықты ұстаздарының бірі Ерлан Сактанов сынақ мерзімге алуға келісті. Алғашында мен қазақша екі сөз, ол ағылшынша екі сөз білетін. Бізді тек музыка тілі байланыстырды.
Мендегі қазақтың ұлттық аспабын үйренуге деген құштарлықты көріп, мені әрі қарай оқытуға келісті. Міне, ол кісіден сабақ алып жүргеніме биыл 4 жылдан асады. Бір бірімізбен әңгіме айта алатындай күнге де жеттік»,- дейді Сабина Мастерс.
Сабинаның айтуынша, домбыра тартуды үйрену оңай болмаған. Күн сайын 4 сағат уақытын домбыра сабағына арнайды екен. Атыраудағы үйіне екі домбыра, Ұлыбританиядағы үйіне де 1 қосішекті аспап алып қойған. Аспаптардың барлығын жергілікті домбыра жасайтын шеберге тапсырыс берген.
Неміс ұлтының өкілі бүгінде Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Динаның, ШалКиіздің тағы басқа қазақтың 50-ден аса күйін жатқа біледі екен.
Жақында халықаралық күйшілер сайысына да қатысып арнайы сыйлықпен марапатталған. Сабина Мастерс.
Фото: KAZ.NUR.KZ
«Қатты қобалжыдым. Жарысқа домбыраның құлағында ойнайтын кіл мықтылар жиналды. Үлкен сахнаға домбырамен алғаш шықтым. Бірақ ұстазым Ерлан демеу беріп жігерлендірді», — дейді кейіпкер. Күй байқауы.
Фото: Сабина Мастерстің жеке мұрағатынан
Оның айтуынша, әсіресе Құрманғазының күйлері жанына жақын екен. Күйшінің туындыларын аса құлшыныспен орындайтынын айтады. Болашақта Құрманғазының күйлері туралы ағылшын тілінде диссертация жазып, Ұлыбританиядағы студенттерге ұсынғысы келеді.
Осыған дейін ол «Грек аңыздары»домбы туралы диссертациясын қорғаған. Екінші диссертациясын домбыра үйрену үшін әзірге тоқтатып қойған. «Құрманғазы өз мұңын, қазақ халқының өткерген сұрапыл күндерін, патшаға деген наразылықтарын, жеке қасіретін күйлері арқылы жеткізген қазақ ауылдарындағы халыққа жеткізген.
Мен осыны терең зерттегім келеді, қазақ ауылдарын аралағым келеді. Сондай-ақ тағы бір мақсаттарымның бірі – қазақ тілін жетік меңгеру. Өйткені маған қазақ мәдениеті, тілі, тарихы өте қызық. Сол мақсатымды орындау үшін Алматы қаласындағы университеттердің біріне оқуға тапсырамын деп шештім», — дейді Сабина Мастерс.
Ол сондай-ақ бос уақытында ерікті болып қызмет етеді, Атырау университетінде студенттерге тегін ағылшын тілінде дәріс оқиды. Өзінің негізі мамандығы – жалпы тәжірибелі дәрігер. Голландия университетінің және Оксфорд университетінің медицина факультеттерін тәмамдаған. Сабина Мастерс.
Фото: KAZ.NUR.KZ
«Медицина саласында азғантай уақыт қана қызмет еттім. Жолдасымның жұмысымен Голландия, Германия, Ресей, Сирия және Қазақстанға көшіп келдік. Менің медициналық дипломдарыммен Ұлыбритания және Нидерланды мемлекеттерінде ғана қызмет етуге болады. Қай елде тұрсақ та сол жердің мәдениетін, тарихын терең білгім келетін. Соның ішінде Қазақстан маған ерекше әсер етті, адамдары өте ашық, жүректері кең. Осы жерде көп дос таптым. Ал, ең жақын досым жергілікті кәсіби пианист Яна Усеинова. Менің әнші ұлым Александр екеуі осы Атырауда жеке концертін де берген», — дейді Сабина Мастерс.
Сабинаның айтуынша, өзінің бір ұлы мен үш қызы да әр түрлі аспаптарды меңгерген. Ал өзі арнайы музыкалық білімі болмаса да кішкентайынан пианинода ойнайды. «Менің ағам кәсіби музыкант. Ал үлкен атам кезінде неміс тілінде театрға арнап пьеса жазған. Ол кісі солтүстік неміс диалектикасында шығармалар жазған. Пьесалар әлі күнге дейін театр сахналарында қойылып жүр. Мен оларды ағылшын тіліне аударудамын. Өнерге деген қызығушылығым сол нағашы жағымнан дарыған», — дейді Мастерс ханым.