Қазыбек Иса: Қандастарға Солтүстіктен жер беру керек!
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мәлімдеді, — деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.
Өткен аптада парламенттегі халықтың көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру туралы заң жобасының жұмыс тобында еліміздің Солтүстік өңіріне баратын қандастарға жер телімін беру мәселесі талқыланды.
2021 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса «Ақ жол» фракциясы депутаттық сауалын жасағанда да осы қандастарға жер телімін беру мәселесін көтерген болатын. Таяуда өткен Мәжілістегі жұмыс тобында депутат Қазыбек Иса бұл мәселе туралы тағы да сөз сөйледі.
— Еліміздің Солтүстік өңіріне қоныстанатын қандастарға жер телімін беру мәселесін бәріміз қолдағанымыз дұрыс. Біріншіден, Солтүстік Қазақстан облысын білесіздер ғой, жері кең, халқы күннен-күнге азайып бара жатыр. Екіншіден, қандастар үшін қолдауымыз керек бұл мәселені. Қандастардың жағдайын білесіздер, өткенде заңдағы 20 баптың 5 тармағын алып тастауды ұсынғанда, «Бұл баптың ешқандай кедергісі жоқ екені анықталды. Өйткені осы мәселеге байланысты қандастар чатында сөз болған тізім бойынша азаматтық алуға құжат тапсырғандардың бәрін тексеріп, әрқайсысымен жеке сөйлесіп, анықтадық. Сондықтан Үкімет бұл ұсынысты қолдамай жатыр»-дейді уәкілетті министрлік өкілі. Ал, Солтүстікте адам аздығынан ауылдарымыз жабылып қалып жатыр. Өйткені, Солтүстік Қазақстан облысында 635 елді мекен бар екен, соның 125-нің халқының саны 50-ден кем. Біздің үкіметтің қаулысы бойынша жан саны 50-ден кем ауылдар жабылады. Жақында Жамбыл ауданындағы Суаткөл мен Амангелді ауылдарын жабу туралы мәселе мәслихатқа шығарылмақ. Ал, осы өңірдегі 125 ауылдың 35-інде 3-4 қана адамнан тұрады.
Мен 2021 жылы депутаттық сауал жасағанда да, осы өткір мәселелерді айтқанмын. Сонда қандастарға жер телімін беру мәселесін де көтерген едік.
«Бос жатқан жер жау шақырады» дейді. Ал, сол өңірге барып жатқан қандастарға аудан әкімі «Мал ұстайтын, егін егетін жер жоқ» деп қайтарады. Қандастарымыз жер телімін алу конкурсына қатысып, оңайлықпен ала алмайтыны белгілі. Сондықтан, қандастарға конкурстан тыс жеңілдік жасалғанын біз бәріміз қолдаймыз. Келіп жатқан қандастарға конкурстан тыс шаруашылық жүргізу үшін жер телімдері берілуі керек.
Шыбық шаншысаң, шынар өсетін жерге қандастарымыз ие болып, істерін жүргізуі тиіс, — деді Қазыбек Иса.
Иә, адам саны аздықтан ауылдары жабылып жатқан Солтүстік өңірге қандастарымызды шақырып, жер телімін беру өте ұтымды ұсыныс!
Бұл стратегиялық саясатымызға сай келеді.
Азамат Тасқараұлы
Abai.kz