«Кешірім сұрайтындай ештеңе істемедім»: Черчесов қазақ тіліне қатысты дауға пікір білдірді
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілі туралы даулы әзіліне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ «Матч ТВ» телеарнасының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Станислав Черчесов 13 қазанда Алматыда өткен Қазақстан – Словения матчынан кейінгі баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске: «Сен французша сөйлеп тұрсың ба?» — деп әзілдеген еді.
«Ештеңе де болған жоқ. Бұлай ушықтыру жіберудің еш себебі де жоқ деп ойлаймын. Бірде-бір журналиске өкпелемедім, жаман ештеңе айтпадым. Мен өз жұмысымды істеп жатырмын. Кейде тіпті өзім туралы да әзілдеймін. «ПСЖ» формасын киген журналист ұлттық құраманың матчына келіп, бірінші сұрағын қойды. Мен онымен қалжыңдастым. Егер олар әзілді түсінбесе, бұл менің қателескенімді білдіреді. Кешірім сұраудың мәні жоқ, өйткені мен ештеңе істеген жоқпын. Тіпті, басқалары біздің нені меңзеп тұрғанымызды түсінуі үшін одан орнынан тұрып артқа бұрылуын өтіндім», — деді Станислав Черчесов.
Айта кетейік, Черчесовтің әзілінен соң Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап еткен еді. Кейін федерация тарапынан бас бапкерге 738 400 теңге айыппұл салынды.