«Қойдың бағасы 150 мың теңгеге жеткен»: Құрбан айт қарсаңында мал бағасы шарықтады
Атырауда тұрғындар Құрбан айт қарсаңында мал базарындағы бағаның шарықтап кеткенін айтады. Атырау облысының имамдары саудагарлерге үндеу жасап, қасиетті мерекеде қойдың құнын 70 мың теңгеден асырмауды айтқан. Бұл туралы «Хабар 24» арнасы хабарлады деп жазады
Телеарна мәліметінше, Атырауда қойдың бағасы 150 мың теңгеге жеткен. Ал Ақтөбе облысында баға тұрақты.
Тілшінің дерегінше, мал базарындағы тұсақтардың құны қазір 60 мыңнан бастап, 80 мың теңгеге дейін барады. Атырау облысы Құрманғазы ауданы, Балқұдық ауылынан әкелінген еділбай қойы 120 мың теңгеге бағаланған. Тұрғындар мал базарындағы баға шарықтағанын айтқан. Қазір ірі қой 130-150 мың теңгеге саудаланып жатыр. Ал бағландардың бағасы 50 мың теңгеге дейін барады. Қала тұрғындарының айтуынша, биыл малды сойдыру бағасы да өскен. «Негізі қойдың бағасы 35-50 мың теңге дейін болса қалыпты. 70-80, 90 мың деген қымбат. Арзан болса, халықтың жағдайы жететін болса жақсы ғой», — дейді Атырау қаласының қала тұрғыны Нариман Қияров.
Телеарна мәліметінше, Атырау қаласына саудагерлер малды көбіне Құрманғазы ауданы мен Батыс Қазақстан облысынан әкеледі. Олардың айтуынша, баға тасымалға байланысты. Қазір жанар-жағармай да қымбаттаған. Ал саудагерлер бағаны көп өсірмейміз, дейді. «Қойдың бағасы жоғары. Судағы балықты ешкім асырап жатқан жоқ қой, соның өзінің бағасы 1500 теңге.
Ал еттің келісі 2500 теңге. Қалыпты сияқты жалпы. Оны бағады, қағады, қырқатыны бар»,- дейді саудагер Жәнібек Қанатов. Телеарна ақпаратынша, Атырауда қазір 6 мал базары бар. Әкімдіктегілер төрт түлік бағасына мониторинг жасай алмайтынын айтады. Олардың сөзінше, баға былтырғымен бірдей. «Мал базарынан алынған мәліметке сәйкес, бүгінгі күні баға өзгеріссіз. Сиыр малының бағасы 220-230 мың теңге аралығында, қой 40-45 мыңнан малдың ірілігіне, сапасына қарай 100-120 мың теңгеге дейінгі аралықта.
Құрбан айт мерекесінің халық арасында кеңінен тойлануына қарай қала аумағында орналасқан мал сою цехтарында көзбен шолу, зерделеу жұмыстары жүргізілуде», — дейді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов. Телеарна дерегінше, Ақтөбе облысындағы баға әлдеқайда төмен.
Ірі қойлар 60-65 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал тоқтылар 45 мың теңгеден бастап 50 мың теңгеге дейін саудалануда.
«Мына құрбан айтта айтып жатады ғой бағаны өсіреді, қосып сатады деп ондай болмайды. Енді бәріне бірдей жауап бермегенмен барлығы бірдей бағаны ұстап отыр. 50-55, 40-45 мыңнан жақсы жасқа толған малдар сатылады. Қойлар 60-65 мыңнан бар. Өзіміз бағып, алып келіп тұрмыз енді», — дейді Ақтөбе қаласының кәсіпкері Қалдыбек Сарин.