«Қоқыс жәшігі — 99 мың теңге»: Ақтөбеде элиталық үйдің ауласын безендіруге бюджеттен 28 млн теңге бөлінген
Ақтөбеде элиталық тұрғын үйдің алдын безендіру жұмыстарына бюджеттен 28 млн теңге қаржы бөлінген. Жергілікті биліктің бұл әрекеті желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Бұған қатысты қалалық әкімдік пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбеліктер әлеуметтік желіде қаладағы элиталық үйлердің бірінің ауласын безендіруге қомақты қаржы жұмсалғанына наразылық білдіруде. «50 шаршы метрге 3,5 млн теңгеге орнатылған 12 орындық пен урна шектен шыққандық емес пе? Мұның бәрі «Ренессанс» тұрғын үй кешенінің алаңында пайда болды.
Орындықтары да ыңғайсыз, арқалығы жоқ, көлеңке болатын тал да жоқ, бұл жер қала тұрғындары келіп демалатын орынға айналады деуге негіз жоқ. Тағы қайталаймын: егер ол жерге ешкім келмесе, неге сонша қымбат орындық пен урна орнатқан? Алаңды безендіруге жалпы 24 млн теңге жұмсалғанын айта кетейік.
Сметада «Альпі сырғанағын» жасау көзделіпті, бірақ әзірге ол көрінбейді», — делінген Instagram-дағы жазбада. Бұған қатысты қала әкімдігі пікір білдірді. «Ренессанс» алаңында 2022 жылы қайта жөндеу жұмыстары басталды.
Нысанның жалпы ауданы — шамамен 750 шаршы метр. Ондағы орындықтар мен урналар бүкіл алаңға орналастырылатын болады. Сонымен қатар жобада шамамен 200 шаршы метр аумаққа төсеніш төсеу, көгалдандыру, альпілік сырғанақ жасау және 16 жерде жарық орнату қарастырылған.
Жалпы сомасы 28 млн теңге тұратын реконструкция жұмысын аяқтау 2023 жылдың шілде-тамыз айларына жоспарланған», — дейді Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл жерге қойылатын қоқыс жәшіктері мен орындықтар антивандалдық тастан жасалған. Элиталық үйдің алдында тұратын бір орындық құны – 162 943 теңгеге, қоқыс жәшігі – 99 943 теңгеге шыққан. Айта кетейік, қазіргі уақытта Ақтөбе қаласына 400 балалар алаңы қажет. 2020 жылы 100 орынға, 2021 жылы 50, 2022 жылы 52 балалар алаңы салынған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram