«Қолмен ұстасақ, езіліп кетеді»: Талдықорғанда бір апта бұрын салынған асфальт жабыны үгітіліп жатыр
Талдықорған тұрғындары көшелердің біріндегі асфальтты шұғыл ауыстыруды талап етеді. Олардың айтуынша, жаңа төселген жол бір аптаға жетпей, үгітіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
ТалдықорғандаХан Тәңірі көшесіндегі асфальтты жергілікті тұрғындар 30 жылдан астам күтті. Алайда көптен күткен жол осы айдың басында салынып, бір аптаға жетер-жетпес уақытта бұзылып қалды.
«Міне, үш күн өтті, жол үгітіліп жатыр. Көзімізге жас келеді. Айтарға сөз жетпейді. Адамдарға осылай қарым-қатынас жасауға бола ма? Асфальт сапасыз. Үстімен жүрсе,құлап кетеді. Қайта жасалғанын қалаймыз», – деді жергілікті тұрғын Вера Баталова.
«Жақын жерде құрылыс фирмасы бар. Сондықтан жүк көліктері осы көшеде жиі жүреді. Қазірдің өзінде асфальтты қалай езіп кеткендерін көруге болады. Әрі қарай не болмақ? Бірнеше күннен соң асфальттың ізі де қалмайды. Мұндай сапасыз жұмысты қалай қабылдауға болады?» – деді Роза Жылқайдарова.
Қала тұрғындары жұмыстарды жүргізу кезінде технология сақталмаған деп санайды. Өйткені асфальт төсеу алдында жол негізі салынбаған.
Тұрғындардың есептеуі бойынша жабынның биіктігі төрт сантиметрден аспайды.
«Ақбастау көшесінде асфальт әлдеқайда қалың. Ал жаңа асфальт төселген Хан Тәңіні көшесінде ол үш есе жұқа. Оны жай ғана қолымызбен ұстасақ, үгітіліп кетеді. Жүк көлігі, қарапайым көлік те өте алмайды, себебі жол бірден опырылып қалады», – дейді талдықорғандық Анастасия Бобкова.
Әкімдік жағдайды шешуге уәде берді. Шенеуніктер мердігер барлық ақауларды жояды деп сендірді.
«Нысан бүгінгі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ. Ешқандай қаржы төленбеген. Талдықорған қаласының тұрғындарын тыныштандырғым келеді. Неліктен? Себебі бұл объектінің кепілдік мерзімі – екі жыл. Екі жыл ішінде ақаулар, шұңқырлар және басқа да ақаулар пайда болса, содан кейін екі жыл ішінде мердігер ұйым «Марлен-А» ЖШС бұл ақауларды өз есебінен жояды», – деп мәлімдеді Талдықорған жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Арман Укунов.
Әкімдік мердігер барлық ақауларды 15 қазанға дейін түзетуі керек деп мәлімдеді. Егер компания өз міндеттемелерін орындамаса, шенеуніктер сотқа жүгінеді.