Қорғаныс министрлігі түрік компаниясымен 2 трлн теңгеге бронды техника сатып алуға келісім жасағаны рас па

Еліміздің Қорғаныс министрлігі мен түрік компаниясының арасында бронды техника сатып алуға қатысты келісім жасалғаны жайлы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен түріктің Otokar компаниясы арасында 2 трлн теңгеге жуық сомаға бронды техника сатып алуға келісім жасалғаны туралы әлеуметтік желіде таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бүгінгі таңда түрік тарапымен бронды техниканы жеткізу бойынша ешқандай келісім жоқ», — делінген ресми хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Otokar компаниясы бронды техника өндірушілерінің бірі ғана болып табылады, оның үлгілері қызметке қабылдау ережелерінде бекітілген рәсімге сәйкес жалпы негізде қаралады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі бұған дейін хабарлағанын еске салды. «Бұл ретте техниканың басқа да шетелдік үлгілері қарастырылады.

Қазіргі уақытта аталған компанияның 8х8 бронды техникасының үлгісі отандық бронды техниканың үлгісімен қатар тәжірибелік сынақтардан өтуде. Олардың нәтижелері бойынша техникалық талаптарға сай техниканың үлгісі айқындалмақ», — делінген хабарламада. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі өз құзыреті шеңберінде мемлекеттің қорғаныс қабілетіне жауап беретінін және қару-жарақ пен әскери техниканың әр түрлі үлгілерін қажет ететінін атап өтті. «Бұл ретте қорғаныс ведомствосы үшін үлгілерді таңдау кезінде отандық және халықаралық сарапшылар мойындаған өнімнің сапасына басымдық беріледі. Сондықтан әлеуметтік желілерде таралатын әр түрлі жалған ақпараттарға сүйенбей, тек тексерілген, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз», — дейді министрлік өкілдері.

kaz.nur.kz