ҚТЖ-ға қарасты филиалдың басшысы 70 млн теңгеге жуық параны Бурабайдағы казиноға салған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Қазақстанда жүк вагондарының жасанды тапшылығын орнатып, вагон тауып беремін деп кәсіпкерлерден пара алған бір топ адамды ұстады. Ең сорақысы, олардың арасындағы филиал басшысы кәсіпкерлерден алған ақшаға құмар ойын ойнаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

 
«Қазақстан Темір Жолы» еншілес кәсіпорындарының бірі, атап айтқанда Қазақстан Республикасы жүк вагон паркінің ірі операторы — «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамының лауазымды адамдарын заңсыз байытудың қылмыстық схемасы ашылып, жолы кесілді», — деп хабарлайды Антикор. 

Дереккөзге сүйенсек, «Қазтеміртранс» компаниясындағы және оның өңірлік филиалдарының лауазымды тұлғалары жүк вагондарының тапшылығын пайдаланған. Кейде тіпті әдейі тапшылық орнатып, «жүгіңді тез жеткізіп беремін» деген жалаумен кәсіпкерлерден үнемі пара алып отырған.

«Проблемаларды шешудің орнына, осы жағдайды өздерінің пайдакүнемдік мақсаттарында пайдалана отырып, жүк вагондарын кедергісіз және жеделдетіп бергені үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алғаны анықталды. Тұрақты пара алудың белгіленген схемасына филиалдардың қызметкерлері мен басшылары, сондай-ақ бас кеңсе бөлімшелерінің менеджерлері мен бастықтары қатысты. Ақша қаражаттары, әдетте, лауазымды тұлғалардың немесе олардың сенімді адамдарының, оның ішінде жақын туыстарының карт-шоттарына аударылып отырған», — деп хабарлайды Антикордың баспасөз қызметі. 

Ал, кәсіпкерлерден түскен пара қайда кетті десек, оны «Қазтранстемірдің» қызметкерлері ойына келген іске жұмсаған көрінеді.

«Қоғамның Ақмола филиалының бір ғана басшысы 2020 жылдан бастап 70 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз алып, оның басым бөлігін Щучье-Бурабай курорттық аймағының ойын мекемелеріне жүйелі түрде бару арқылы жұмсаған», — деп хабарлайды Антикор. 

Қазір «Қазтранстемір» АҚ Қарағанды филиалының бұрынғы және қазіргі басшылары да осындай қылмыстар жасады деген күдікке ілінген. Барлық аталған адамдар ұсталып,  тергеу сотының санкциясымен 2 айға қамауға алынды. «Сондай-ақ, ақшалай қаражатты заңсыз алуда Қызылорда филиалының басшысы мен Қоғамның орталық аппаратының бірқатар қызметкерлері әшкереленді. Басқа лауазымды тұлғалардың қатысуы тексеріліп жатыр», деп хабарлайды дереккөз.