«Күйеуі мәжбүрлесе, онда әйел хиджаб кисін»: ҚМДБ желіде тараған видеоға қатысты жауап берді (видео)
Желіде “күйеуі мәжбүрлесе, хиджаб кисін” деген екі әйелдің видеосы тарады. Олар жұбайдың дінді мәжбүрлеп үйретуін жақсылыққа балайды. Stan.kz тілшісі бұған қатысты ҚМДБ ұстанымы қандай екенін сұрап білді.
Арайлым Өтепбергенова есімді блогерге желі қолданушылары “күйеуім хиджаб ки деп мәжбүрлейді, не істеймін?” деп сұрақ қойған. Оған олар “кисін” деп жауап берген.
“Мәжбүрлесе, мәжбүрлі түрде кисін ендеше. Дінде зорлық жоқ, бірақ күйеуі айтқанға бағынуы керек. Бірақ “іш деп жатса, хиджабыңды шеш” деп жатса, ішпесін, шешпесін. Алайда “ки” десе кию керек, керісінше дінге зорлайтын күйеуі болғанына қуануға тиіс”, – дейді әйел.
Сондай-ақ олар ата-анаға бір ғана жағдайда қарсы шығуға болатынын айтады.
“Құранда ата-анаға қарсы шықпау керек, ата-анаға бағыну керек делінген. Алайда бір ғана себеппен қарсы шығуға болады. Егер Алланың қойған шарты мен бұйрықтарына қарсы шықса, қарсы пікір білдірсе, қарсылық танытуға болады”, – дейді олар.
ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Елбек Тасболатұлы бұл ойларға қатысты пікір білдіріп, дінде зорлық жоқ екенін айтты.
“Зайырлы елде өмір сүргендіктен, заң тұрғысынан біреу екінші кісіні дінге немесе дін үкімдеріне күштей алмайды. Ал дін жағынан күйеуі әйеліне «орамал – Алланың парызы» деп ескерту жасай алады, бірақ күштеп қысым көрсетіп орамал таққыза алмайды. Бұл мәселені жастар үйленбей тұрып өзара шешіп алуы керек. Ал күйеуі әйелінің кейін дін ұстанғанын қаласа, әйелінің ерікті келісімі керек”, – деп мәлімдеді ҚМДБ өкілі.
Айтуынша, дәл солай ата-ана да қызына мәжбүрлі түрде дін үкімдерін орындата алмайды.
“Дінімізде қыз баласының балиғатқа толған соң орамал тағуы – шариғи парыз. Әке-шеше кейін дін ұстаса, балиғатқа толған қыздарына орамал парыз екенін ескерте алады, түсіндіреді, бірақ күш көрсетіп, баланың психикасына зиян келтіріп, орамал таққызғаны дұрыс емес”, – деді Елбек Тасболатұлы.
@arai_nabi #рек#рек#рек ♬ оригинальный звук — Арайлым Утепбергенова