Күйіп қалған нәрестені қаздың майымен емдемек болған емшілер оны өлтіріп қойды
Дағыстанда нәресте баламалы медицинамен емделгеннен кейін көз жұмды. Баланың ата-анасы оны ауруханаға жатқызудан бас тартып, емшілерге апарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі дәрігер Ибрагим Евтемировтың блогына сілтеме жасай отырып хабарлайды
Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, Хасавюрт ауданы тұрғынының емшектегі сәбиіне шәйнек аударылып, бетін, кеудесін, ішін, білектері мен қолдары күйген. Кейін Махачкаладағы жансақтау бөліміне жеткізілген. Күйіктің жалпы ауданы денесінің 18 пайызын құраған. Бір күннен кейін нәресте жай палатаға ауыстырылған.
Бір күннен кейін баланың ата-анасы ұлын емдеуден бас тартып, оны емшілерге апарған. Олар баланы қаз майымен емдеу арқылы тыртықтардан арылтамыз деп уәде берген. Алайда емге қаз майынан бөлек бал мен басқа ингредиенттермен араластырып, дененің күйген жерлеріне жаққан. Бірнеше күннен кейін нәрестенің жағдайы нашарлап, көз жұмды.
Евтемировтың айтуынша, дер кезінде тиісті емнің болмауы көбінесе күйік шокына және өлімге әкеледі. Балалар мұндай асқынулар кезінде сезімтал болады. Жасөспірімдерде күйік шокы терінің 10-15 пайыздан астамы зақымданған кезде дамиды, ал нәрестелер үшін терінің бес пайызы күюі жеткілікті. Бұл тіпті бір кесе шайға күйгенмен тең болады. Ол сондай-ақ емшілердің көмегіне жүгінетін ата-аналар баланы ресми медицинамен емдеу керек екенін кеш түсінетінін атап өтті.