Құлсарыда су астында қалған үйін көруге кеткен әкесі мен ұлы іздестіріліп жатыр
Жем өзенінің суы көтеріліп, Құлсарыдағы үйлерді су басып қалды. Әкесі мен ұлы судан қорғайтын резеңке костюмдерін киіп, үйін көріп келуге кетіп, сол күйі оралмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Күні кеше тракторға мініп, үй жағын қарап келмек болған екі Құлсары тұрғыны суға кетіп, көз жұмған еді.
Құтқарушылардың айтуынша, су деңгейі төмендеген. Бүгінде Жылыой ауданының 70%-ы су астында қалды. Ауданнан 30 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланды. Олардың кейбірі облыс орталығына, басым бөлігі Маңғыстау облысына кетті. Тұрғындар Ақтау, Бейнеу, Боранқұл мен Теңгізге орналастырылды.
Құлсарыда 3 мыңға жуық тұрғын үй мен нысандар су астында қалды. Су тасқыны болғанда үйлерінен шығып үлгере алмай қалған адамдар да жоқ емес. Құтқарушылар оларды қауіпсіз жерге шығару жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Тұрғындардан бөлек, құтқарушылар жүздеген үй жануары мен ірі қара малды да су астында қалудан құтқарып жатыр.
Демалыс күндері қаладағы дүкендер, дәріхалар мен жанармай бекеттері жабық болды. Бүгінде олардың кейбірі жұмысын жалғастырып жатыр. Ауданға Қазақстанның түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жөнелтіліп жатыр.
“Осыдан үш күн бұрын Құлсары қаласының тұрғындарына қауіп төнді. Қазір су деңгейі төмендеген. Айналма жолдарды әлі су басып жатыр. Жалпы айтқанда қаланың кей жерлерінде су 40 сантиметрге дейін төмендесе, енді бір жерде су деңгейі 20 сантиметрге дейін түскен.
Бұған дейін, Атырау қаласын су басып жатқанда, әкімдіктегілердің немен айналысып жүргенін жазған едік.