«Қызымды Африкаға алып кетті»: араб жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы үш жасар сәбиін қайтара алмай жүр
Павлодарлық Гүлназ Қайырбаева үш жасар қызын шетелдік күйеуінен қайтара алмай жүр. Мысыр азаматына тұрмысқа шыққан келіншек кішкентай қызын 8 тамыздан бері көрмеген. Бұл туралы Еуразия арнасындағы «Көреміз» ток-шоуына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Гүлназ Қайырбаева — кәсіби биші. Ол Астанадағы мемлекеттік филармонияның би ансамблінде өнер көрсетіп, ұжыммен бірге гастрольдік сапармен шетелге жиі шығып тұрған. 2017 жылы кезекті сапарлардың бірі Оман елінде өтіп, Гүлназ сол жақтағы концертті ұйымдастырушы жігітпен танысады. Омандық жігіттің есімі — Амир эль-Шербини.
Екі жыл бойы интернет арқылы сөйлесіп жүрген олар 2019 жылы отбасын құрады. Кішігірім той Павлодарда өтіп, Амир эль-Шербини мен Гүлназ Қазақстанда некелеседі. Амир Қазақстанға туған ағасымен бірге келген.
Бұл — Гүлназдың екінші некесі. Осыған дейін ол қазақ азаматымен үш жыл отасып, ажырасып кеткен. Бірінші күйеуінен ортақ бір қызы бар. Омандық жігітпен төрт жыл некелескен Гүлназдың отбасылық өмірі негізінен Қазақстанда өткен. Ол төрт жылда күйеуінің қасына 4 рет қана барған. Себебі, пандемияға байланысты жұмысының жоқтығын айтқан араб жігіті Гүлназды өз еліне қайтара берген. Ал үш жасар қызын алып кететін күні ол әйеліне еш сыр білдірмеген. «8 тамыз күні әпкесін вокзалдан күтіп алатынын, қызымды ертіп кететінін айтты. Еш арам ойым жоқ, киімдерін жинап, шығарып салдым.
Сол кеткеннен мол кетті. Кейін маған видео жолдап, өзінің Батыс Африкаға кетіп бара жатқанын айтты.
Маған Қазақстанға қайтуды өтініп, кейін Африкаға билет пен виза рәсімдейтінін жеткізді. Бірақ содан бері үш айдан аса уақыт өтті. Қызымнан хат та, хабар да жоқ.
Ол баланы қайтармайтынын айтып отыр», — дейді көз жасын тоқтата алмаған Гүлназ. Осы орайда, «Көреміз» ток-шоуының журналисі бірнеше айдан бері табылмаған Гүлназдың араб күйеуін тапқан. Ол студияда тікелей байланысқа шығып, қызын не себепті анасына көрсетпей отырғанын айтқан. «Мен өз қызымды қалайша ұрлаймын? Гүлназдың өзі Мысырда тұрғысы келмеді. Содан соң осындай қадамға бардым», — дейді Амир эль-Шербини.
Гүлназ студияда бейнебайланыс арқылы бұрынғы күйеуімен тілдесіп, үш жасар қызын көрді. Оның аман екеніне көз жеткізді. Енді Мысырдағы Қазақстан елшілігімен бірлесіп, қызын елге қайтарудың қамын жасамақ. Себебі Мысыр соты қызды анасына қайтару туралы шешім шығарған.
«Мысыр Араб Республикасының 2020 жылғы заңының 1, 2-тармағына сәйкес, бала анасына қайтарылсын», — делінген сот шешімінде. Бағдарламада Қазақстан Республикасы 2012 жылы ратификациялаған «Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы» конвенция негізінде Мысырдың орталық құзырлы органы баланы тауып,
Қазақстан елшілігіне табыстайтыны айтылды.