«Маған мандат берген билік емес, халық» — Ермұрат Бәпи

Депутат атанған Ермұрат Бәпи “Дат” басылымына сұхбат беріп, әрі қарай қай бағытта жұмыс істейтінін айта отырып, cайлаудың әділдігі туралы мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Депутат бұған дейінгі саяси көзқараспен, бұрынғы азаматтық ұстаныммен жұмыс істейтінін айтты. Ол бұдан басқа жолы жоқ екенін және кері бұрылуға мінезі жібермейтінін мәлімдеді

“29 сайлау округі бойынша өзін-өзі үміткерлікке ұсынып, кеше ғана тәуелсіз депутат болып сайланған әріптестеріме «Халық блогы» фракциясын құру жөнінде Фейсбук парақшамда үндеу жарияладым. Егер 29 депутаттың тәуелсіз екені рас болса, халықтың мұң-мұқтаж мәселесіне сай жұмыс істеуіміз керек”, – деді Бәпи.

Оның айтуынша, ол оппозициялық бағытын жалғастыра алады.

“Біріншіден, менің қалай жұмыс істейтінімді билік шешпейді. Маған мандат берген билік емес, халық, менің сайлаушыларым. Сондықтан биліктен рұқсат сұрайтын құлқым да, қақым да жоқ. Мен өзімнің сайлаушыларымның алдында ғана есеп берем.

Екіншіден, бүгінгі саяси жағдайда биліктің қоғаммен, оппозициямен мәмілелі жұмыс істеуге, ашық болмаса да, бүйрегінің астында терең жатқан ықыласы бар деп ойлаймын. Ендігі теке-тірестен түк шықпайтынын биліктің түсінетін кезі келді. Бұл түсінік қоғамның да санасына сіңуі керек шығар… Тай-таласпен «Жаңа Қазақстан» құрылмайды. Оны билік тек қана қоғамның тікелей және қоян-қолтық араласуымен ғана құра алады. Әйтпесе, Тоқаев мырзаның «Жаңа Қазақстан» идеясы далбаса декларация болып қалады. Менің ойымша, билік осыны түсініп отыр”, – деді ”, – деді Ермұрат Бәпи.

Ол сенім артқан халықтың алдындағы жаңа жауапкершіліктің салмағынан қорқатынын тілге тиек етті. Оның пайымдауынша, билікпен алысып жүргенде, мұндай сезім болмаған. Ал енді халықтың сенімін арқалау жауапкершілігі –  тіптен басқа сезім.

Депутат халық қолдаған кейбір кандидаттардың неге өтпей қалғанын да айтты.

“Бұл жағдай қоғамды қопарып тастайтындай дүрбелеңге айналып кетті. Сайлау учаскелері ұзақ уақытқа созбай, хаттаманы бақылаушыларға дер уақытында бергенде, дәл осындай дау-дамай туар ма еді? Барлық ырың-жырың осыдан шығып тұр ғой. Яғни, билік дауыс беру процессін бақылауда ұстап тұрғысы келді, бірақ сценарий бұзылып бара жатқанынан секем алып, назарбаевтық «қолмен басқаруға» көшті. Бірақ оның өзін өгіз соқамен жер жыртқандай етті.
Егер барлық үміткерге протоколдар дер уақытында берілгенде, дәл осындай дабыра тумас еді. Бәлкім, ондай жағдайда бүгін наразылық танытып жүрген әріптестерімнің біразы шу көтермес пе еді, кім білсін? Сайлау ісіне ебдейсіз араласумен билік бәрін былықтырды. Гәп осында жатыр деп ойлаймын.

Мен енді «судан өтіп алған соң», анау-мынау деп, «өзеннің арғы бетінде қалған» әріптестеріме не дейін? Соттан да үміт болмасын бұрыннан білеміз. Оның үстіне, өзінің өтпей қалған кандидаттарын қолдап, наразылық алаңына жиналған халықты да көріп тұрған жоқпын”, – дейді ол.

Өтпей қалған кандидаттардың бірі Инга Иманбайдың ренішіне де жауабын берді

“Мен оған не деймін? Тап-таза “истерика”! Қазақ айтады «жеңілген адамның сөзі құрысын» деп. Инганың жалаулатып жүргені – өзі жеңіске жеткен 5-6 учаскеден алынған протокол. Ал менің қолымда бақылаушыларым мен сенімді өкілдерім сағат таңғы беске дейін учаскелерден алған, біразы «тірі» мөр басылған, көпшілігі – фотокөшірме, 60 протокол бар. Бұл біздің округтегі 184 учаскенің үштен бірінен алынған құжат. мен өзіме сенім артқан халықтан басқа ешкімнің алдында жауап беруге міндетті емеспін! Менің 25 жылдық «ДАТ»-ым мен үшін жауап береді”, – деді Бәпи.

Оның айтуынша, «ДАТ»-тың бейсенбі күні шығатын санына сол 60 қаттаманың газет бетінде оқуға жарамдысын басып шығарылады. Әділетті түрде айту үшін  газеттің тең жартысын осы протоколдарды басуға арнаған. Инга Иманбай жеңген учаскелердің де хаттамасын да жариялайтынын түсіндірді.

“Ақиқат үшін аянуға болмайды. Интернеттің виртуаль әлемінде емес, газет бетіне басылып, архивтерде қалсын. Сайлаудағы жеңісіме күмәні бар адам болса, сол хаттамаларды салыстырып, өзіне тоқетер тұжырым жасайды деген ойдамын”, – дейді депутат.

Ол Инга Иманбайдың артында оны жау санайтын Бергей Рысқалиев тұрғанын атап өтті.

“Жанболат Мамаймен бір оппозициялық майданда бірге жүрдік. Бұл енді жалғыз Жанболаттың ғана проблемасы емес деп ойлаймын. Демпартияда данагөй «Аятолла Хомейни» болып отырған Төлеген Жүкеевтің «тек!» деуге жөні бар еді ғой! Жаңаөзеннің жанайқайына қатысы бар экс-әкім партияны ғана емес, Жанболаттың отбасын, балаларының «Тамос» мектебіндегі жылдық ақысы миллиондаған теңгелік оқуын қаржыландыратын Бергей «музыкаға заказ беруге» қақым бар деп ойлайтын шығар. Бірақ бұл енді басқа тақырыптың әңгімесі. Мен әзірге ондай әңгіменің деңгейіне түсе адмаймын”, – деп мәлімдеді Ермұрат Бәпи.