Мәһір — қазақ қоғамына жат дүние — Мәдениеттанушы
Мәдениеттанушы Асылбек Байтанұлы зайырлы қоғамның қызы тұрмыс құрарда мәһірді сұрамау керегін айтты. Оның сөзінше, бұл – зайырлы қазақ қоғамына жат дүние, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісіне сілтеме жасаған Altyn-orda.kz
«Мәһір – «Құран-Кәрімде» міндетті түрде берілуі тиіс дүние ретінде қарастырылған. Яғни «Ниса» сүресінің 4-аятында: «Әйелдердің мәһрлерін ықыласпен беріңдер. Егер әйелдер өз еріктерімен сендерге мәһрдің бір бөлігін берсе, одан сіңімді түрде жеңдер», — делінген. Бірақ бүгінгі зайырлы қоғамымызда қалыңдықтың болашақ жарынан мәһр сұрауының қажеті жоқ деп білемін. Жалпы, мұсылмандарға жағдайы келіп жатса төрт әйел алуға рұқсат етілген. Ертеде тұрмысқа шыққан қыздың көп әйелдің бірі болатын тағдыр жолында оның материалдық жағынан құқығын қамтамасыз етуі қажет болатын жағдайлар туындап отырған. Түсініктірек айтсақ, көп жағдайда өте аз немесе мүлде компенсациясыз қалуы мүмкін. Ажырасса балалары мен дүние-мүлкінің көп бөлігі әкесімен бірге кетеді. Міне, мәһір – осындай жағдайлардың алдын алу кепілі ретінде қарастырылған», — деді Байтанұлы.
Мәдениеттанушы зайырлы қоғамның қызы тұрмысқа шыққан кезде мәһір сұрамауға тиіс деп біледі.
«Өз басым жақын туыстарыма, сөзімді тыңдайтын таныстарыма: «Мәһр сұрамаңдар, сұратпаңдар», — деймін. Зайырлы қоғамда мәһір сұрау дұрыс емес, өйткені елімізде Парламентте талқыланып, сенатта қаралып, Президент бекіткен «ҚР Неке және отбасы» туралы заң бар. Бұл заң бойынша, мемлекет өкілінің қатысуымен неке қиылып, қол қойылғаннан кейін екі тараптың бүкіл мүлкі, көлігі, материалдық құндылықтары ортақ болып саналады. Яғни екі жақта мүлікке ортақ деген сөз. Ал, екі жастың некесі қиылып, оның үстінен мәһр сұралса, бұл – артық дүние-мүлік талап ету деген сөз. Қалтаға ауырлық түсірмейтін арзанырақ сырға-жүзікпен қанағанттанбай, араны ашылып, арсызданған кейбір қыздардың пәтер, автокөлікке дейін сұрап жатуы – заңдық сауаттылығы жоқтығы әрі көргенсіздігі. Мәһрлік дәстүрді ұстанатын мемлекеттер бар, бірақ бүгінгі таңда дамыған араб мемлекеттері зайырлық қоғамның заңнамаларына кіріп жатыр. Сондықтан мәһір қазақ қоғамына жат дүние», — дейді мәдениеттанушы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам діні бойынша ер адамның әйеліне мәһр беруі – уәжіп екенін айтады.
Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһр берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. Ол туралы Мұхаммад Әбу Заһра өзінің «Әл-ахуалу әш-шахсия» кітабында: Мәһр – күйеуінің мойнына жүктелген әйелдің алатын ақысы. Ол үйлену келісімінің бір үкімі немесе нәтижесі ретінде қаралады. Некенің дұрыс болу шарты емес. Сол үшін мәһірі аталмай қиылған неке дұрыс саналады. Бірақ некені қиған сәтте мәһр беру міндеті жүктеледі. Тіпті ерлі-зайыптылар мәһр бермеуге келіскен болса да, оны күйеуі беруі тиіс.
Неке қиып жатқан сәтте мәһрді атап өту – сүннет. Өйткені неке қию барысында оны атап өту нәпсіге жақсырақ әрі талас-тартыстан алшақтатады. Мәһрді неке уақытында және кешіктіріп беруге де, сонымен қатар бөліп төлеуге де рұқсат. Ханафи мәзһабы бойынша мәһр заттай не ақшалай берілуі керек. Арты дауға ұласпауы үшін заттың түрі, құны секілді ерекшеліктері нақтылануға тиіс.
Мәһрдің ең жоғарғы өлшеміне ешқандай шектеу қойылмаған. Мәһрдің ең аз мөлшері – Ханафи мәзһабы бойынша он дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде мәһрдің ең аз мөлшері 4,25 грамм алтынмен есептелетіні жайлы пәтуа қабылданды. Мәһрдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны сол мөлшерге толтыру керек.