Мақпал Жүнісова: «Қызыма үйімді қалдырам…»

Қызымен бір ренжісіп, қайта табысқан Халық әртісі балаға қояр талабымен бөлісті. Осы орайда «өз нанын өзі табуға тиіс» деген қағидаға сүйенетінін алға тартты.

Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызына сұхбат берген әнші Мерейдің жұмыс жасап, өз нанын өзі таба бастағанын айтты. Табысын ағайын туыспен бөлісуді әдетке айналдырған Жүнісова «қызыма көк тиын жинаған жоқпын» дейді.

– Мен неге оған қаражат жинауға тиіспін?! Мысалы, әкем шопыр болған. Мені оқытты, соған тәуба. Өйткені балаға бәрін дайындап берсең, ертең өзің сорлы боласың. Артымнан үйімді қалдырам. Ешкім мәңгілік емес, бәрі уақытша. Сондықтан «қазірден бастап өзіңе жоспар құрып, қалай ақша табамын» деп ойлауың керек», – деп кеңес бергенін жеткізді.

Осы ретте өнер иесі қызының бірнеше тіл білетінін алға тартып, оған «аударма жаса, тіл үйрет» деп, бағыт-бағдар берсе керек.

– Сосын ол 3-4 ай жұмыс істеді. Ағылшын тілінен сабақ берді. Айына 130-140 мың қаражат тапты. «Мама, мен ақша таптым, бірінші рет тамағыма өзім төледім» деп қуанып келді. Соған өзіне киімін алды. Қазір өзі табыс тапқанға үйрене бастады, – дейді қызының жетістігіне қуанған әнші.

, HEGE. KZ