«Мақтанғанды қояйықшы»: Жазира Байырбекова қалың малды жұртқа жариялап көрсететіндерді сынады

Отандық әнші Жазира Байырбекова қыз жасауын елдің көзінше көрсетіп, қанша қалың мал алып келгенін жария ететін той иелерін сынға алды. Әнші мұндай салттың бар екеніне күмәнданатынын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Байырбекова бұл үрдісті жеңу нәзік жандылардың қолында екенін Instagram желісінде жазды.

«Қазақтың тойларында қыздың артынан апаратын дүние-мүлікті халыққа ақтарып көрсетуді, қызға қанша қалың мал әкелгенін көпшілікке жария етуді қазақтың салты дегенге сеніңкіремеймін. Кімнің қанша қалың мал бергенінде, қыздың артынан қандай киім, қандай ыдыс әкелгенінде көпшіліктің қандай шаруасы бар?! Бар адамдар апарсын. Бірақ жария етпей-ақ қойсақ болмай ма? Қымбатты аналар, әжелер, жеңгелер бұл үрдісті жеңілдету сіздер мен біздердің қолымызда.

Назира Байырбектің “Біреу байлығын көрсетіп әлек, біреу кедейлігін жасырып әлек” деген сөзі тура келіп тұр. Дүниемен мақтанғанды қояйықшы», — деп жазды әнші. Ал желі қолданушылары да Жазира Байырбекованың бұл жазбасына қолдау білдірген. «Дұрыс. Қыздың артынан киім алып бару артық деп есептеймін», «Қарапайым болайықшы. Дүниенің төрт бұрышын алып барып, жар салғаннан қыздың барған жерде бақытты болғаны жақсы», «Осыны айтатын бір адам табылды ғой», «Еститін құлақ болса», «Ия, өте дұрыс. Бұл ойды қолдаймын. Қазақта жоқ үрдісті бостан босқа көбейтіп жібердік қой. «Жұрт не дейді» дегеннен арылатын кез келді», — деп жазды желідегілер.

kaz.nur.kz