Мәскеу әуежайларында мыңнан астам Тәжікстан азаматы қамауда отыр
Ресейге заңды түрде өтпек болған мыңнан астам Тәжікстан азаматы Мәскеу әуежайында қамауда отыр. Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, олар талапқа сай емес санитарлық жағдайда ұсталып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Moscow Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жексенбі күні таңертең бір ғана Внуково әуежайының өзінде Тәжікстанның 954 азаматы уақытша ұстау аймағына қамалған. Олардың арасында Ресей университеттерінде оқитын студенттер де бар. Сағаттап күткеннен кейін олардың 322-сі ғана шекаралық бақылаудан өткізілген. 306 адамды отанына қайтаруды жоспарлап отыр.
«Мұндай шектеу шаралары тек Тәжікстан азаматтарына қатысты», — делінген елдің Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.
Ресей билігі бұл туралы әзірге түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін 22 наурызда Мәскеудегі «Крокус Сити Холлға» концерт кезінде террорлық шабуыл жасалып, ғимарат өртке оранған еді. Террористер ғимаратта 18 минут болған.
- Сағат 19.55-те «Крокус» ғимаратының алдына «Рено Симбол» тоқтап, ішінен автомат асынған террористер шығып, ғимаратқа қарай жүгіріп, адамдарға оқ жаудырып, күхетшілерді атып тастаған.
- 20:03-ке таман террористер концерт залының көрермендер отырған залына кіріп, алдынан шыққан адамдарды атып, креслоларды өртей бастайды. Шабуыл жасаған адамдарда бензин болған.
- Террористерден қашып құтылған адамдар терезелерді сындырып, ғимараттан қаша бастаған.
- 20:13-те ақ «Рено Симбол» мінген төрт қаскөй «Крокустың» көлік тұрағынан кете бастаған.
Сондай-ақ Тәжікстанның екі азаматы Мәскеудегі «Крокус Сити холлда» террористік акт жасады деген күдікпен ұсталған еді.