Мәскеуде Ресей мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Дамир Мұхетдиновке қатысты іс қайта қаралып жатыр

Мәскеуде Ресей мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Дамир Мұхетдиновке қатысты іс қайта қаралып жатыр, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz.
Даудың шығуына оның жұмыс кабинетінде тұрған тарихи картина себеп болған. Онда 1223 жылы Калка өзені бойындағы шайқастан кейінгі көрініс бейнеленген. Суретте моңғол қолбасшыларының орыс князьдері мен қыпшақ әскерін жеңгеннен кейінгі сәті көрсетілген.
Мұхетдиновтің айтуынша, бұл белгілі тарихи туындының көшірмесі ғана. Ал түпнұсқасы музей қорында сақтаулы. Сондықтан ол өзіне тағылған айыптың мәнін түсінбейтінін айтады.
«Түпнұсқа музейде тұр. Онда неге музейді соттамайды?» — дейді ол.
Бұған дейін Мұхетдинов діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзды деген бап бойынша 150 мың рубль айыппұл алған еді. Енді оған қатысты жаңа іс қозғалып отыр. Бұл жолы мәселе өшпенділік немесе араздық қоздыру бабы бойынша қаралуда.
Сарапшылар бұл оқиғаның бір ғана картинаға қатысты дау емес екенін айтады. Олардың пікірінше, мәселе Ресейдегі мұсылман ұйымдарына жасалып жатқан қысым, тарихи жадты бақылау және ислам қайраткерлерінің қоғамдық кеңістіктегі орнына қатысты кеңірек сипат алып барады.
Калка шайқасы — Еуразия тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Біреулер үшін бұл жеңіліс болса, енді біреулер үшін тарихи факт. Алайда музейде сақталған сюжеттің көшірмесі сот ісіне себеп болып жатса, бұл өнерге емес, тарихты әртүрлі түсіндіруге деген қорқынышқа көбірек ұқсайды.










