Мәжіліс депутаты семинар өткізді

Social project management орталығы Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Халықтың саяси мәдениетін арттыруға бағытталған тақырыптық іс-шаралар өткізу» жобасы аясында қаланың сегіз ауданында жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары және ауданның белсенді тұрғындары арасында оқыту семинарлары ұйымдастырды. Семинарларды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспан өткізді.
«Саяси мәдениет туралы анықтама көп. Бірақ сіздерге бұл ұғымды айшықтау үшін экологиялық мәдениетпен салыстыра отырып түсінікті тілде былай айтайын, – деді депутат семинарға қатысушыларға, – айналасын лас ұстайтын, тазалық сақтамайтын адамды экологиялық мәдениеті төмен дейміз, егер тазалық сақтаса, экологиялық мәдениеті жоғары дейміз. Саяси мәдениет те сол сияқты. Егер сіз өзіңіздің саяси құқықтарыңызға жауапкершілікпен қарасаңыз сіздің саяси мәдениетіңіз жоғары, ал егер немқұрайлы қарасаңыз саяси мәдениетіңіз төмен. Біз бүгін саяси мәдениеттің құқықтық қырларына тоқталамыз. Азаматтардың жоғары мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ ел халқының барлық топтарының жалпы саяси және құқықтық мәдениетін арттыру құқықтық мемлекеттің одан әрі дамуының айнымас алғышарты деп танылуы тиіс».

Семинар кезінде қатысушыларға тұрғындармен қарым-қатынас орнату мәдениеті үйретілді. Қызметкерлердің құқықтық сауаты неғұрлым жоғары болса, олардың саяси мәдениеті соғұрлым жоғары болатыны сөзсіз.










