Мейірбан жандар 100-ге жуық балаға мерекелік көңіл-күй сыйлады
Балаларды қорғау күніне орай, елорданың Достық скверінде 100-ге жуық балаға арналған концерт пен интерактивті ойындар өтіп, жасыл желек аясында мерекелік дастархан жайылды.
«Клуб добряков Астаны» (Астананың мейірбандар клубы) қоғамдық қоры жыл сайын балаларға арнап мұндай іс-шара ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. 1997 жылы негізі қаланған Клуб осы уақытқа дейін талай жанға қол ұшын беріп келеді.
Мұнда келетін еріктілер көмекке мұқтаж адамдарға шын пейілмен қолынан келгенше ақысыз пайдасын тигізіп жүр. Бүлдіршіндерді қуанту әрі сергіту үшін дайындалған бұл жолғы концерттік бағдарлама да соның бір көрсеткіші іспетті.
«Клуб добряков Астаны» қоғамдық қорының еріктісі Алма Әлиахметова мерекеде балалардың таза ауада болып, тәттілер мен дәмді тағамдар жеп, концерттік бағдарламаны тамашалағанын, сол арқылы олардың көңілі көтерілгенін қалағандарын айтады.
«Біз Клубтың қамқорлығындағы балаларды жүйелі түрде азық-түлікпен, киіммен және т.б. қажетті заттармен қамтамасыз етуге көмектесеміз. Біз әрқашан ақысыз көмек қолын созатын қайырымды адамдарға шын жүректен алғыс айтамыз және барлық еріктілер оларға бас иеміз.
Қазір мұндай қайырымды жандардың көбейіп келе жатқаны бізді қуантады. Клубта негізінен көп балалы отбасылар. Балаларын жалғыз асырап отырған аналар, дәл сондай әкелер, содай-ақ немерелерін жалғыз тәрбиелеп жатқан әжелер бар.
Сонымен қатар, біз жетекшілік ететін және бірге жұмыс істейтін «Нұрлы жүрек» әлеуметтік мекемесінде даму ерекшеліктері бар балалар өсуде. Олар да бүгінгі мерекеге қатысып жатыр. Басты мақсатымыз – қамқорлығымыздағы балдырғандарымызды бен интернат балаларының көңіл-күйін көтеру. Айналамыздағыларға мейірім сыйлау қазір өте өзекті болып тұр. Жүрегімізде мейірімділік бар кезде зұлымдыққа орын жоқ.
Біз бақытты сәттерді еселей түскіміз келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің функциясы өте маңызды екенін тілге тиек етуі де бекер емес. Солардың арқасында көптеген жұмыстар атқарылды», ‒ дейді Алма Әлиахметова.
Аталған қордың да ауыз толтырып айтарлық еңбегі мол. «Мектепке жол» бағдарламасы аясында балаларға киім-кешегінен бастап канцелярлық заттарына дейін сатып әперген. Ақмола облысындағы қарттар үйіндегі және қараусыз қалған қарияларға түрлі шеберлік сабақтарын өткізу арқылы көңілін марқайтып жүрген кездері де бар. Су тасқыны кезінде де оперативті қимылдап, қаншама адамның жанына жылу беріп келеді.
Атап өту керек, Қорды негізінен демеушілер – ірі кәсіпорындар, шағын және орта бизнес қаржыландырады, сондай-ақ, көмек қолын созуға дайын адамдар мен еріктілердің өздері қолдау көрсетеді.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА