“Мені тапса, өлтіреді“. Атырау облысында ұсталған Шешенстан тұрғыны қазақстандықтардан көмек сұрады

Атырау облысының полициясы Ресейдің 24 жастағы азаматшасы Эльза Солтаеваның бейнеүндеуіне түсініктеме берді, — деп хабарлайды    Altyn-orda.kz     Massaget.kz тілшісіне сілтеме жасап .

ПД мәліметінше, оны Шешенстандағы туыстарынан жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскендіктен ұстаған.

«Полицияға 2000 жылы туған, Ресей Федерациясының азаматшасы із-түссіз жоғалды деген хабарлама келіп түскен. Азаматша анықталып, Мақат аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Оның өз еркімен үйінен кеткені анықталып, түсініктемесі алынып жіберілді», — деді Атырау облысының полиция департаменті.

Бұған дейін ресейлік құқық қорғаушы Светлана Анохина өзінің парақшасында Доссор ауылында полиция ұстаған кезде Эльза Солтаеваның құжаттарын алып қойғанын жазды. Онымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін ерікті Владислав Хорев та ұсталғаны айтылды.

Анохина жариялаған видеода Эльза Солтаева 3 ақпанда түсініспеушілік пен тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан үйден өз еркімен қашып кеткенін айтты. Ол сондай-ақ оны полиция ұстап алғанын және «құжаттарын алып алғанын және бермей жатқанын» хабарлады.

«Менің артымнан туыстарым келе жатқанын білемін. Олар жақын арада болады, олар мені өлтіреді деп қорқамын», — деді Эльза Солтаева.

Кейінірек желіде тағы бір бейне пайда болды, онда қыз оны жібергенін растады.