“Менімен күрескенше, әлімжеттікпен күресіңдер“. Журналистке әскерилер “шабуыл жасады“
«Көреміз» бағдарламасының журналисі Руслан Есмағамбетовке әлеуметтік желідегі әскерилер «шабуыл жасады», — деп хабарлайды Altyn-orda.kz Massaget.kz тілшісіне сілтеме жасай отырып .
Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Менің парақшама «әскерилер шабуыл» жасап жатыр! Менімен күрескенше, әлімжеттікпен күрессеңіздерші», — деп жазды журналист желідегі парақшасында әскерилердің жазған қарсы пікірлерін жариялап.
Әскерилерге ұнамай қалған Руслан Есмағамбетовтің видеосының мазмұны мынадай:
«Соңғы үш жылда 270 әскери қызметкер қаза тапқан. Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев Қазақстан жауынгерлерінің кейінгі жылдардағы өлім-жітімі туралы статистиканы жариялады. Мәселен, 2020 жылдан бастап 270 әскери қызметші қайтыс болған. Оның ішінде 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылы 11 әскери адам көз жұмған.
– Өлім жағдайларының ең көп тараған себебінің бірі ауырып қайтыс болу – 36%, жол-көлік оқиғалары салдарынан көз жұматындар – 24% және өз-өзіне қол жұмсау бойынша 20%-ды құрап отыр. Соның ішінде суицид жағдайы бүгінгі күні бәрімізді алаңдатады, – дейді әскери прокурордың орынбасары. Әскердегі әлімжеттікті түп тамырымен жоймасақ, әлімжеттік жас балаларды тамырымен жою мүмкін…»