Мерекелік «Наурызнама» онкүндігі тазару науқанымен қорытындыланды

Бүгін, 23 наурыз – «Наурызнама» онкүндігінің соңғы күні жалпыұлттық экологиялық науқанға ұласты. 14-23 наурыз аралығында халықтық Наурыз мерекесін тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланып, оның әр күні осындай белгілі бір тақырыпқа арналған еді.

Бүгінгі атаулы күні Астана қаласының барлық бес ауданында жаппай экологиялық тазалау өтті. Соның ішінде «Байқоңыр» ауданының аумағында жүргізілген санитарлық-тазалық жұмыстарын көріп қайттық.

Тротуарларды, аялдама кешендерін, көпірлер мен қоршауларды, жол жиектемелері мен жарық тіректерін жуу, аула аумақтарынан қарды шығару және тағы басқа шаруалар атқарылды.

Аудан бойынша санитарлық-тазалық жұмыстарына 250-ден аса арнайы техника мен 300-ге жуық жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Бұл тазалық жұмыстары ауданның шет аймақтарындағы тұрғын алаптарда да атқарылып жатыр. Мәселен, Өндіріс тұрғын алабында 50-ден аса жұмысшы күшімен орталық алаңдар тазартылуда. Сондай-ақ, оларға ыстық шай мен палау ұсынылды.

Ал сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін жыл сайынғы «Жер сағаты» халықаралық экологиялық науқан өтпек.

«Бұл уақытта әлемнің мыңдаған түрлі сәулет нысандары мен ғимараттарында жарық бір сағатқа өшіріледі. Мұның мақсаты – табиғатқа және планета ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне назар аудару», – деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Бұл күн азаматтарға қоршаған ортаны қорғау туралы түсінікті кең таратып, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік береді. Наурыз мерекесі ертеден табиғат тазалығы мен адамның ішкі жан-дүниесінің тазалығын сақтап, үйлесімде болуын үндейді. Мерекенің мәні – көктемнен қысқа көшу, табиғаттың (демек, адамдардың да) жаңа өмір бастауы осының нышаны. Бұл кезең символдық мағыналарға толы, оның басты үрдісі – тазару арқылы жаңару. Тазару рәсімі – үй-жайды, аулаларды тазалап, бұлақтар мен арықтарды аршу, табиғатты қорғау әрі өткеннің сарқыншағынан құтылуды білдіреді.

Бұл – табиғатпен үндес болу қажеттігі мен адамның айналасындағы әлемнің бір бөлшегі екенін еске салатын күн. Бақыт пен береке тазалық пен шынайылық орнаған жерге қонады. Ұлттық мерекеге экологиялық науқандарды енгізу – Мемлекет басшысы көтерген проблемалар (су ресурстарының тапшылығы және т.б.) аясында қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғаудың маңыздылығын айшықтау», – деп жазылған онкүндік тұжырымдамасында.

Расымен, мұндай ауқымды экологиялық бастамалар Наурызнама онкүндігін қорытындылау ғана емес, сонымен қатар таза қоршаған ортада жаңа жылды жақсылықпен қарсы алуға негіз болады.

Еске салайық, 14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі», 15 наурыз – қайырымдылық, 16 наурыз – мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған Шаңырақ күні, 18 наурыз – ұлттық киім күні, 19 наурыз – жаңару, 20 наурыз – ұлттық спорт, 21 наурыз – ынтымақ, 22 наурыз – жыл басы, 23 наурыз – тазару күні ұйымдастырылды.