Мүфтият жаназа мен құдайы асқа арналған жаңа мәзірді таныстырды

Мүфтият жаназа мен құдайы асқа қатысты жаңа талаптарды жариялап, ысырапшылдыққа жол бермеуді басты мақсат ретінде көрсетті. Соңғы жылдары кейбір өңірлерде жаназа асын беруде шамадан тыс даярық, түрлі тағамдармен «көрсету» жарысы көбейіп кеткені жасырын емес. Марқұмның рухына бағышталған ас кейде сән-салтанатқа айналып, отбасыларға артық шығын түсіріп жүр. Осы жағдайды ескерген ҚМДБ енді қарапайым, дәстүрге сай мәзірді ұсынды деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Жаңа тәртіпке сәйкес, жаназа немесе құдайы асқа бауырсақ, шелпек, шай, су беріледі.
Негізгі ыстық тағам ретінде ет немесе палау қоюға болады. Сонымен бірге сары май, талқан, кәмпит тәрізді жеңіл қосымша тағамдар рұқсат етіледі. Ал той-томалаққа тән салаттар, торттар, түрлі жеміс-жидектер сияқты дастарханды тым молайтатын тағамдар ұсынылмайды.
Дін өкілдері бұл қадамның басты мәні — марқұмға бағышталған дұға мен еске алу рәсімін қарапайым, шынайы түрде өткізу екенін айтады. Ысырап — шариғатта құпталмайтын нәрсе, сондықтан жаназа асын бәсекеге айналдырмау қажет. Мүфтият өңірлердегі имамдарға осы тәртіпті халыққа түсіндіріп, дұрыс насихаттауды тапсырды.
Жаңа мәзір қазірдің өзінде бірнеше облыста қолданылып жатыр. Дін қызметкерлерінің пікірінше, бұл бастама қоғамға да, отбасылардың қалтасына да жеңілдік әкеледі.










