“Мұндай педагогтің мектебімізде жүруі қауіпті!”: Журналист желіге тараған оқушының видеосына пікір білдірді

Журналист Салтан Сайранұлы желіге тараған оқушының дін туралы айтқан видеосына пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айтуынша, мектеп оқушысының негізсіз, дәлел-дәйексіз, жалған фактілермен батыл сайрап тұрғаны – «мұғалімінің» теріс ақпараттармен оқушыларының миларын шайып, бұрмаланған мәліметтермен программалап, жалған дәйектерді санасына сіңіріп тастағандығының көрінісі.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Шапағат Орталығы (@shapagat_atyrau)

 

“Уатсабыма мынандай бір видео келді. Тыңдап шықтым. Мектеп оқушысының бұлай негізсіз, қисынсыз, дәлел-дәйексіз, жалған фактілермен батыл сайрап тұрғаны – «мұғалімінің» теріс ақпараттармен оқушыларының миларын шайып, бұрмаланған мәліметтермен программалап, жалған дәйектерді санасына сіңіріп тастағандығының көрінісі. Бұл видеоны түсіріп, таратуы да мұғалімінің өзінің бұл «жемісі мен жетістігіне» масаттануы, мақтаныш көруі деген сөз.

Біз де бұл видеоға өзіміздің пікірімізді білдіре кетейік. Себебі, мұндай «педагогтардың» балаларымызға сабақ беруі – өте қауіпті. Тез арада шара қолданылып, мектептен аластатылуы тиіс деп есептейміз.

Оқушы өзінің сөзінде: «Еврейлер Ислам дінін ойлап тапты да, оны дамушы мемлекеттерге, яғни Азия, Сауд Арабия елдеріне өткізді де, олар өздерінен ол дінді алып тастады. Олардың өздерінің конституциялық заңдары бойынша оларға ешқандай да Ислам діні болмайды, оны шектеп тастаған. Себебі, Ислам діні адамдарды белгілі бір нәрселерден шектейді», – дейді.

Не деген сұмдық сөз бұл? Мұндай мәліметті оқушы не нәрсеге сүйеніп айтып отыр, дұрысын айтсақ, мұғалімі бұны қандай мәліметке сүйеніп үйретіп отыр? Оқушының бұл теріс пікірін түзетпегеніне қарағанда, бұл оймен мұғалімі де келісіп отыр деген сөз. Мұны мұғалімінің видеода жаны кіріп, оқушысын қолпаштап қолдап отырғанынан-ақ түсінуге болады. Демек, бұл мұғалім сан ғасырдан бері Алладан келген Ислам дінін салтына айналдырған, барлық құндылығын осы Исламға негіздеген ата-бабамызды, тарихымызды, ұлттығымызды мансұқтап жатқан қаншама оқушы тәрбиелеп жатыр деген сөз. Сосын дерексіз, негізсіз, жалған дәйектермен сөйлеу – ғылымға, білімге үлкен қиянат. Осыған сүйенсек, бұл мұғалім ертеңгі күні елдің болашағына балта шабатын, ғылымға қиянат қылатын, мемлекетке іріткі салатын ұрпақ тәрбиелеп шығуда”,- деді журналист, дінтану ғылымының магистрі Салтан Сайранұлы.