«Мың келінге татитын бір келін»: Жұбаныш Жексенұлы италиялық келіні туралы сыр шертті (видео)

Осыдан бірнеше жыл бұрын отандық танымал әнші Жұбаныш Жексеннің ұлы италиялық аруға үйленген болатын. Өнер иесі Динара Сәтжанға берген сұхбатында ұлының өзге ұлт өкіліне үйленуіне қарсы болғанын, ал қазір төрт жасар немересі барын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ. Сұхбат барысында Жексенұлы шетелдік келіннің көңілінен шыққанын жеткізді.

«Мың келінге татитын бір келін» деп айтуға болады. Ақылы көркіне сай. Ең бастысы ойының тереңдігі, оқығаны. Ол — консерваторияның пианино сыныбын қызыл дипломмен бітірген музыкант. Музыканттың соншалықты саяз болуы мүмкін емес. Ұлым — гитарист. Гитарист пен пианисттен туған үйде кішкентай немерем бар. Ол — менің қуанышым», — деді Жұбаныш Жексенұлы.

Cұхбат барысында өнер иесі бірнеше жыл ұлының өзге ұлттың қызына үйленуіне қарсы болғанын да жасырмады.

«Мен нағыз қазақы ортада, отбасыда өскенмін. Басында әрине, қаншама жыл біз де қарсы болдық.

Кейін жастар дегеніне жетеді ғой. Бізге дәлелдеумен болды. Бір-бірін сүйіп, өз дегенінен қайтпай тұрғаннан кейін мақсатына жетті. Ол түсінбегендіктен емес, қазақи болмысымыздан. Оның махаббат екенін анасы да, мен де түсініп жүрдік. Бірақ біз тәрбиесі басқа адамдармыз. Менің әкем «Келініміз басқа ұлттан» дегенде, бәрін тоқтатып, «Ұлттың жаманы болмайды, адамы дұрыс болсын» деді. Осы бір ауыз сөзбен бәрі шешілді», — деді Жұбаныш Жексенұлы.

Сонымен қатар әнші көпшілікке өзінің отбасы жайлы жаңалықтарды айтқысы келмейтінін мәлім етті. «Менің ұлым үйленді. Қазір төрт жастағы немерем бар. Жалпы мен отбасылық әңгімелерді көп айтқым келмейді. Бірақ, ел айтқызады. «Италиялық келін қалай?», «Қайда танысты?», «Олар қайда, Қазақстанда ма?» деп сұрайды.

Ол енді менің жеке басыма, отбасыма қатысты нәрсе ғой. «Жұртқа оның несі қызық» деп ойлаймын. Сахнадағы жұмысымды біліп, мені әртіс ретінде таныса деймін. Мен жұрттың бәріне керемет болып көрінуді армандамаймын. Мені әнші ретінде, кәсіби деңгейде жұмыс істейтін музыкант ретінде таныса болды.

Жеке өмірімде ешкімнің шаруасы болмау керек деп ойлаймын», — деді Жұбаныш Жексенұлы.

 

kaz.nur.kz