Мырзағали Айтжанов: Парижде кемі бір алтын, бір күміс, бір қола алуымыз керек
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасына дайындық туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sport Plus Qazaqstan телеарнасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бірнеше күн бұрын Түркиядан оралдық. Жігіттер жаттықты және демалып қайтты. Күн сайын бір жаттығу жасап, кешке футбол, волейбол ойнап, фитнеспен айналыстық, құмда жүгіріп, теңізге шомылдық. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр, арнайы дайындық жүргіземіз», — деді Мырзағали Айтжанов. Cондай-ақ бапкер Париж Олимпиадасына қандай жоспар бар екенін айтты. «Мен кім жүлде алатынын, ал кім алмайтынын айта алмаймын. Әрбірі Олимпиадаға қатысу құқығына еңбекпен қол жеткізді. Бокста әртүрлі жағдайлар болады. Көп нәрсе жеребеге байланысты. Біздің тапсырма – кемі бір алтын, бір күміс, бір қола медаль алу. Бірақ мүмкіндік болса, одан да жоғары нәтиже көрсетеміз деп үміттенеміз. Әрбір боксшының медаль еншілейтін мүмкіндігі бар», — деді бас бапкер. Айта кетейік, бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасына толық құрамда барады. Ел намысын Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 к) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 кг) қорғайды.