«Назарбаев інісін алып қалды» Депутат Қаңтар оқиғаларынан кейін Самат Әбіштің не себепті сотталмағанын айтты

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімовке («мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен 18 жылға сотталды) шыққан сот үкіміне қатысты пікір білдірді. Ол Мәсімовке кінә арту арқылы Самат Әбішті құтқарып қалды деп мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық сайтына сілтеме жасап.

“Қаңтарға байланысты Кәрім Мәсімовтің бірінші орынбасары Самат Әбіш неге жауапқа тартылмады? Осы сұрақтың астында барлық жауап тұр деп ойлаймын. Қаңтардың барлық кінәратын Кәрім Мәсімов пен үш орынбасарына аударып, Самат Әбішті құтқарып қалды. Самат Әбіш Мәсімовтің бірінші орынбасары, оперативті жұмыстың барлығын сол жүргізу керек болған”, – дейді депутат.

Бұдан бөлек, ол барлық кінәні Мәсімовке жауып, оны соттау әдейі жасалған деген ойын айтады.

“Барлық кінәні Мәсімовке жауап, қалған кінәлілерді құтқарып қалу – арнайы жасалған амал. Болашақта Қаңтарға байланысты арнайы үлкен комиссия құрып, бұның анық-қанығын анықтайтын боламыз. Қаңтар мәселесі ешқашан жабылып қалмайды. Самат Әбішті қамағанды қойып, оған іздеу де жариялаған жоқ. Бұл шындықтан қашу ғана емес, бұл әділетсіздік. ҰҚК-нің лауазымды тұлғалары жауапты болса, онда ол неге қалып қалады? Ол бірінші орынбасар. Барлығын соттап жібереді де, Назарбаев өзінің інісін алып қалады. Бұл әділетті ме? Назарбаев 2019 жылы 19 наурызда Тоқаевқа келіп, мен кеттім деп, кетіп қалған адам емес. Ол әлемдік дәрежедегі интриган адам. Ол ана жерден әлде бір уағдамен кетті. Сондықтан оның әлі күнге дейін әсері бар деп ойлаймын”, – дейді Бапи.