Назарбаев қайта президенттікке келіп, ал Мәсімов премьер-министр болуы керек еді: Қаңтар оқиғалары туралы кітап жарыққа шықты
Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінде ресейлік журналист Леонид Млечиннің «Қайғылы қаңтар. Президент Тоқаев және тағылым топтамасы» [«Трагический январь. Президент Токаев и извлечение уроков»] кітабының тұсаукесері өтті. Кітап қазақстандықтарға әлі таныстырылған жоқ, алайда желіде Тоқаевтың ресейлік журналистпен сұхбатынан үзінділер тарап жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Саясаттанушы Ербол Еділов өзінің Telegram-арнасында кітаптан алынған үзінділерді жариялады. Онда қаңтар оқиғасына кінәлілер мемлекет басшысының бас иіп, әрекетке баруға батылы бармай, өз өмірі үшін қауіптеніп елден асығыс кетіп қалатынына үміттенгені туралы айтылады.
“Ол маған жағдай тығырыққа тірелген сәтте өзіне жағдайдың қауіпті екенін, ең бастысы сіздің өміріңізді сақтап қалу қажет екені туралы айтқанын жеткізді. Арнайы ұшаққа жанармай құйылды, жеке қорғаушылар сіздің жаныңызда… Ұшақта керек-жарақ үшін 25 миллион АҚШ доллары бар. Қайда ұшқыңыз келеді?”, — делінген кітапта.
Млечин қаңтар оқиғасына дейін Тоқаевты шетелде де, ел ішінде де лайықты бағаламағанын жазады. Ұйымдастырушылар президент қауіпсіздік қызметкері емес, дипломат, зиялы адам деп үміттенген.
“Олар қатты қателескен. Ол өз елінен тысқары кете алмады. Керісінше оны сақтап қалу үшін барлығын жасады. Ия, оның алғашқы қызметі – дипломат. Бірақ дипломат дегеніміз әлсіз дегенді білдірмейді. Ол «Дипломатия – өркениетті жауынгердің нәзік қаруы» деген формуланы ұнатады. Қазақстан президентінің қаңтар оқиғаларының шешуші күндері жерлестеріне жасаған жолдауында “Мен қаламын” деген сөздер естілді. Президенттің неге бұлай айтқанын көбісі түсінбеді. Ал бұл сөздер билікті басып алуды көздеген және өздеріне мемлекет басшысы кедергі болған адамдарға арналды”, — дейді автор.
Кітапта бірінші президенттің [Нұрсұлтан Назарбаев] тәртіпсіздіктер кезінде Тоқаевтың әрекетіне қалай баға бергені туралы айтылады.
“Тоқаев Назарбаевтың өзіне не айтқанын менімен бөлісті. Сені отыз жылдан бері жақсы білемін, бірақ мұндай әрекетке барады деп ойламаппын, депті Назарбаев”, — деп жазады Млечин.
Еңбекте қаңтар оқиғасының нәтижесінде Назарбаев президенттікке қайта оралып, Мәсімов премьер-министр болады деген жоспардың болғаны туралы айтылады.
«Тергеу барысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов: «Назарбаев елдегі ең жоғары лауазымға «үш жылға» оралуға шешім қабылдайды, содан кейін бұл орынға «одан да лайықты» адамды қойып кетуді жоспарлаған. Тоқаевтан құтылу туралы шешім осы себепті қабылданған. Ал Мәсімовтің өзіне шексіз өкілеттігі бар премьер-министр лауазымын уәде еткен».
Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми мақала жариялап, оның негізіне Елбасы институты – еліміздегі ең жоғары билік тұжырымдамасы алынған. Тіпті ел билігіне Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сауд Арабиясының тәжірибесі негізінде монархияны енгізу идеясы пайда болған.
“Бұл модель билік құрылымдарында талқылана бастаған, бірақ Елбасыны мұндай идеядан бас тартуға Тоқаев көндіреді, ол бізді бүкіл әлем күлкі қылады деп айтқан”.
Кітапта Тоқаевтың қаңтар оқиғаларының болатынын болжағаны, оның билік тандеміне немесе дуумвиратына қанағаттанбағаны айтылады
“Елде екі президенттің болуы мүмкін емес – “үлкен” және “кіші”. Осындай тәжірибе жасап, елден айырылып қала жаздадық. Тоқаев бірінші президентке: «Нұрсұлтан Әбішұлы, билік мәселесін шешу керек, қазіргі елдегі жағдай тұрақсыз” деп айтқан көрінеді. Алайда тәжірибелі Назарбаев: «Менің міндетім саған көмектесу, біздің жетістігіме мен де қуанамын” деген”