«Неге бізден де шықпасқа?»: Есен Елеукен сайлауға түсуге ниетті
Jaidarman жобасының жетекшісі әрі қоғам белсендісі Есен Елеукен парламент сайлауына түсуге ниетті екенін жасырмады. Ол halyquni порталының «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ол президент сайлауы болмаса да Мәжіліс депутаты болуға ниетті.
“Шәкірттерімнің арасында аудиториясы 1 миллионнан асатын, Jaidarman-нан шыққан 30-дан аса жігіт бар. Бірақ осы жолғы сайлау емес, мүмкін кішігірім ұйым, мәслихат немесе Мәжіліске барамын деген ой болған. Праймеризге де түсемін дедім. Бірақ оған дайындық керек. Қаржылай емес. Сайлауға түсу үшін алдын ала бір этаптардан өтуім керек”, — деді Есен Елеукен.
Есен Елеукен әлеуметтік желіде де белсенді. Түрлі саяси, қоғамдық, әлеуметтік тақырыптарда ауқымды постар жазып отырады. Сондықтан болар, оған парламенттік сайлауға түсуге ұсыныс жасалған.
“Келер жылға Парламентке ұсыныс түсіп, неге түспеске деген әңгіме де болып жатыр. Менің ғана емес, жалпы мені қолдайтын топтың идеясы. Зеленский президент болғаннан кейін барлығы: «Неге бізден де шықпасқа?» дейді. Зеленский күні кеше пайда болған жоқ қой. Оған 15 жылдай уақыты кетті. Дайындады. Жалпы, Украинаның қоғамы бізден бөлек. Олар Еуропаға жақын, ал біз мына жақта. Екі алып көршіміз бар дегендей. Көңілге қараймыз”, — дейді Jaidarman жобасының жетекшісі.