Неліктен инвесторам Қазақстанды таңдайды: ел Орталық Азиядағы барлық мемлекеттерден көп инвестиция тартты

Соңғы онжылдықтарда Қазақстан Орталық Азиядағы басты инвестициялық орталыққа айналды. Халықаралық корпорациялар ел экономикасына 150 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция салды. Бұл көрсеткіш аймақтағы көптеген мемлекеттердің жиынтық инвестиция көлемінен де жоғары.
Бүгінде Орталық Азияға келетін барлық шетелдік инвестициялардың шамамен 60 пайызы Қазақстанға тиесілі. Жыл сайын республика экономикасына орта есеппен 20 миллиард доллар шамасында жаңа инвестиция тартылады. Осы себепті халықаралық бизнес үшін Қазақстан көбіне аймаққа кіретін негізгі экономикалық алаң ретінде қарастырылады.
Аймақтағы ең ірі экономика
Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы ең алдымен оның экономикалық ауқымымен байланысты. Республика Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға ие және салыстырмалы түрде дамыған инфрақұрылым қалыптастырған.
Ел мұнай, газ, уран, мыс және сирек металдардың ірі қорларына ие. Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекеттердің бірі болып саналады. Сондықтан мұнда энергетика мен тау-кен саласындағы жетекші халықаралық компаниялар жұмыс істейді.
Географиялық орналасу да маңызды рөл атқарады. Қазақстан Еуропа мен Қытай арасындағы негізгі көлік дәліздерінің торабында орналасқан. Ел аумағы арқылы Еуразияның ең ірі нарықтарын байланыстыратын сауда және транзиттік бағыттар өтеді.
Шикізаттан өндіріс экономикасына
Соңғы жылдары инвестиция құрылымы біртіндеп өзгеріп келеді. Бұрын негізгі капитал мұнай-газ секторына бағытталса, қазір инвестициялар металлургияға, шикізатты өңдеуге, өндіріс саласына, логистика мен инфрақұрылымға көбірек салына бастады.
Мемлекет инвесторларды тарту үшін арнайы экономикалық аймақтар құрды, салықтық жеңілдіктер енгізді және инвестициялық келісімдер жүйесін дамытты. Сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығы ағылшын құқығы қағидаттары бойынша жұмыс істейді, бұл шетелдік компаниялар үшін түсінікті әрі сенімді құқықтық орта қалыптастырады.
Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия біртіндеп халықаралық капитал үшін жаңа экономикалық кеңістікке айналып келеді. Алайда бүгінгі таңда аймақтағы негізгі инвестициялық орталық ретінде Қазақстан көш бастап тұр.
Егер қазіргі үрдіс сақталса, республика алдағы жылдары Орталық Азияның басты экономикалық және индустриялық хабына айналуы әбден мүмкін.
Altyn-Orda.kz










