Он жыл ішінде Қазақстан 3,3 миллион адамды жұмыспен қамтуы керек

Қазақстан еңбек нарығында өсіп келе жатқан күрделі мәселелерге тап болып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша, 2030 жылға дейін елде 3,3 миллион адамға жұмыс орны құрылуы тиіс. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Бияхметов үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
Жұмыссыздық деңгейі тұрақты, бірақ мәселе толықтай шешімін таппай жатыр
2024 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрап, формалды түрде тұрақты болып қалды. Жұмыспен қамтудың өсуіне негізінен жалдамалы жұмысшылар үлес қосты — олардың саны 7,1 миллион адамға жетті, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны шамамен 2,1 миллионды құрады.
Алайда бұл көрсеткіштер шынайы жағдайды толық көрсете бермейді. Бияхметовтің айтуынша, еңбек құрылымы жиі жағдайда экономиканың сұранысына сай келмейді: артық мамандықтар көбейіп, ал басым салаларда білікті кадр тапшылығы сақталып отыр. Сонымен қатар, еңбекақының бәсекеге қабілетсіздігі негізгі салаларға мамандардың келуіне тосқауыл болуда.
Жастар мен аймақтық теңсіздік
Еңбек нарығына тіиткілді мәселелер баршылық . Министрліктің бағалауынша, 2035 жылға дейін жыл сайын еңбек нарығына 360 мыңға дейін жас маман қосылып отырады. Бұл кәсіби даярлау жүйесін де, жұмыспен қамту инфрақұрылымын да жаңғыртуды талап етеді.
Аймақтар арасындағы теңсіздік те ушығып барады. Елдің оңтүстігінде жұмыс күшінің артықтығы байқалса, солтүстікте оның тапшылығы сезілуде. Ішкі көші-қонның жоғары деңгейі ірі қалалардағы еңбек нарығын шамадан тыс толтырып, әлеуметтік, коммуналдық және көлік инфрақұрылымына жүктемені арттыруда. Сонымен бірге, кейбір өңірлердегі экономиканың жеткілікті әртараптандырылмауы жұмыспен қамтудың мүмкіндігін шектейді.
Қазірге дейін не атқарылды
Еңбек министрлігінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, олардың 95,4 мыңға жуығы — жастар. Дегенмен, бұл көрсеткіш — алдағы жылдары мемлекет алға қойған ауқымды міндеттің бір ғана бөлігі.
Болашақ бағдары: құрылымдық реформалар немесе адами капиталдың жоғалуы
Қазақстанға жаңа еңбек нарығы моделін қалыптастыру қажет. Бұл модель жас буынды интеграциялауға, өзгеріп жатқан экономикалық құрылымға бейімделуге және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жағдай ұсынуға тиіс. Егер білім беру жүйесінде, көші-қон саясатында және бизнесті ынталандыруда жүйелі өзгерістер жасалмаса, жұмыс орны тапшылығы мен кадрлардың шетелге кету қаупі күшейе береді.
Altyn-orda.kz
